КЕМЕҢГЕР немесе ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ТЕБІРЕНІС

000-1612092Біз ұзына бойы тарихы­мыз­да Ұлы далада небір қиындық­тарды басымыз­дан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жор­туылдарды өткерген; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; “та­рих­тың тағдырлы көші” дей­тін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жа­бығып жапа шеккен, тарығып-зарық­қан халық жер бетінде екеу болса, со­ның біреуі – қазақ. Сондай сұмдық­тар­дың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды.

Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар-ожданымыз табан­­ға тапталды. Алқакөл-сұламаға ұшыра­дық. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің та­ри­хын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батыр­ла­ры­мыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Та­рихымыз саясаттың құралына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан ай­рылды. Шыбын жаны шырқырады. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаз­дадық. Қазақтың: “Қаратаудың басы­нан көш келеді”, деп зарлағаны, Қаз­туған жыраудың: “Қайран да менің Еділім” деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қон­ған жұртын орнық­ты­рып ел ете алмай Абылайдың пұшай­ман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; “Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны”, “Әдіра қалғыр Үш Қиян” деп Мұрат ақынның күйзелгені; “Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын”, деп Абайдың қабыр­ғасы қайысатыны осы тұс еді.

Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бе­тін­дегі жабайы халықтың қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан бастал­ған­ды­ғын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты тірші­лік болған­ды­ғын, керек болса, ер қана­ты жылқыны да қолға үйретіп, ер-то­қым салып, жүген­деп, өмір сүрудің құра­лына айнал­дыр­ған­ды­ғын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің жалғасын, тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да; көк Тәңірі мен қара жердің ортасын­дағы бү­кіл адам баласын билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қарат­қан, сөйтіп азды-көп, кедейді бай қыл­ған, тату елге жақ­сы­лық қылған, асыл мұралар қалдырған Қа­ғанат қаһарман­дарын да жабайыға санады.

Ойыңа түссе зығырданыңды қайна­та­тын, пұшайман қылып сергелдеңге сала­тын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыз­дан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.

“Дәуір алмасып жатқанда өмір сүр­ме”, – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұр­пақ­тың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жады­мыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік.

Құдайға шүкір, Алла көзіміздің жа­сын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.

Сөйтіп, көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-тал­қа­ны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орны­ғып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ызы-қиқы, адам баласы түсініп бол­майтын неше түрлі мехнат-қиын­дық­тар ұмыт болды. Жылқы мінезді халық емеспіз бе, енді бүгін сол құбыжықтарды басымыздан кешпегендей, көзімізбен көрмегендей болып отырмыз. Демде-ақ бәрін де ұмыттық. Ұлы далада шым-шы­тырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заман­ның ел басынан өткені де, талай дәурен сүргені де рас, бірақ ХХ ғасыр­дың аяғында көзіміз көрген, өзіміз ара­ласқан бүгінгідей ғажайып шындықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес.

Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Небары он сегіз-ақ жылдың ішінде осы байтақ дала­да бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Н.Ә.На­зар­баев бастады. Арғы-бергі заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқы­ның көңіліндегісін тауып, көкейін­дегісін істеген Назарбаевтай кісіні Ұлы даланың тарихы білген емес.

Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сыны­нан абыроймен өтіп, халқын да қыл кө­пір­ден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қа­һар­мандығын, даналығын кейінгі ұрпақ­тың келешекке аңыз етіп жеткізетін­ді­гінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады.

Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ та­рихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұң­ғы­шы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.

Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулие­лерді аралап, ақыры Райымбек батырдың ба­сы­на кеп түнеген түні түс көреді… Түсін­де ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келе­ді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді. Жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мыл­тықты көтеріп алып, иығы­на салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…

Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: “Құр­сақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен”, – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі.

Айтса айтқандай, ес жиып, етек жап­қан­нан бері Нұрсұлтанның өмірі ел үшін, болашақ үшін күреспен өтіп келеді.

Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атын­дағы қазақ орта мектебінде педпрак­ти­кадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маң­дайы жарқырап, бәйге атындай ты­пыр­шып отыратын. Ішіне сыймай жүр­ген бір құдірет бардай көрінетін. Қажыр­лы, еңселі болатын. Тұрғыластарының ара­сы­нан иығы озық тұратын. Намыс­шыл болатын. Момынға болысып, жұрт­қа көмектесіп жүретін.

Болат кездік қын түбінде жатпайды дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қы­нап­тан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.

Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.

Асылы, ықылым заманнан бері қоғам­дық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жара­тылысы ерекше болып, көпшілік ортада құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жа­сы­нан көзге ілігіп, қай істе де мақсат­кер­лік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.

Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алма­тыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қала­сына, онда да оқуға емес, жұмысқа тар­тып кеткенін, кейіннен өзге де қазақ­стандық жастармен Днепродзер­жинскі­ге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақ­стан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауа­зымды қызметке – Орталық Коми­теттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағын­да­ғы ең жас Совмин Төрағасы болып бе­кі­тілгенін де бүгінде халық жақсы біледі.

Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,

Қарындағы баланың хан боларын кім  біледі,

– дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Прези­дент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жас­тың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

Нұрсұлтан уақыт тынысын ерте сезді. Қазақ жастары атын естісе де затын біл­мейтін бүкілодақтық екпінді құрылысқа жазылды. Өз жолын, даңғылын тапты. Ортасынан оза шауып, көшбасшылыққа ұмтылды. Көкірек көзі ерте ашылды. Сан­далмамен күн кешкен, қызыл төңке­ріс, қызыл зұлмат, кіші тәркілеу, ұлы тәркілеу, ашаршылық тозағынан өткен қазағына күзетші болайын деді, ел қатарына қосудың қамын жеді.

Темір қорытты. Домнаның пешіне қай­нап-пісті, жарғақ құлағы жастыққа тимей жастайынан жарқырап көзге түсті. Деге­ніне жетті. Әруақ қолдап, бақ дарып, таққа мінді. Сөйтіп, заты қазақтың рухын ас­панға көтерді, ел-жұртын да өрге жетеледі.

Нұрсұлтан Әбішұлы неге жетсе де – моншақтаған терін сұқ саусағымен сыпы­рып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Жоғары­ға, билік иерархиясына сүйреген, қол­тығынан деме­ген жанашыры болған жоқ. Өзінің жүрек отына сенді. Бейнеттен бойын тартпады. Өмірдің ыстық-суығына алмас қылыштай суарылып өсті.

Н.Назарбаев жауапкершілікті мойны­на алып, ел үмітін арқалаған кезде, Қа­зақ­ Советтік Социалистік Республи­ка­сы дейтұғын елде тұратын азамат­тар­дың ішіндегі ең бейшарасы, ең сорлысы қазақтар болатын. “Қазақпын” деп те, “Менің ана тілім – қазақ тілі” деп те айта алмайтынбыз, айтқызбайтын. Мың қазақ отырып, арамызда жалғыз орыс болса бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәс­түр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де мансұқ болды. Мәскеуден кел­ген­дердің ығына жығылдық. Сөзін сөйлеп, жағынуға тырыстық. Қатыгездік, бірін-бірі сыйламастық, жанкештілік, самар­қау­лық, жалқаулық, немқұрайды­лық етек алды. Елдің еңсесі түсті. Өтірік күлді, жалған сөйледі.

Енді, құдайға шүкір, сан ұрпақ аңса­ған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзі­нен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей дау­ры­ғысып, қалпағы­мыз­ды аспанға лақ­ты­рып, қуаныстық. Есі шық­қан ел не істерін білмей шеруге де шық­ты. Қайсыбірі сол шеруге не үшін шыққандарын да білмеді.

Шынтуайтына келгенде, біз бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкер­шілікті мойнымызға алған едік. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алған едік. Бұл адамзат тіршілігіндегі, адам сана­сындағы, оның тәжірибесіндегі қиынның ең қиыны еді. Осы жауапкер­шілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойы­нына алған, өз тағдырын елі­нің тағды­ры­мен жалғаған, сөйтіп солардың ылғи үзіле берген үмітін жал­ғаған азаматымыз – халқының ержүрек перзенті Н.Назарбаев болатын.

Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекет­те­рін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегі­нен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелі­сін де көрген адаммын. Жан-жақтан анта­ла­ған ке­зеңде жанында болған, ерліг­ін, қайсар­лығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нө­керлерінің бірімін.

Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жыл­да­ры 5 жыл бойы күні-түні қасында бо­лып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебі­рен­ге­нін, талай ұйқысыз түндер мен тыным­сыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім.

Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кес­те­ңі шығып жатқан, алда не боларын біл­­мей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.На­зарбаев именбей қол бастады, тар кезең­нен жол тапты. Алаштың аманатын мой­­нымен көтерді. Азаттыққа қолымыз­ды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты.

Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды. Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Н.Назарбаевтың: “мен хал­қымның тәуекеліне сендім” – деп жаз­ғаны да, “…Мен өз халқымның жо­лын­да басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осын­дай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құру­дың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…” деп ағынан жарылғаны да жа­дымызда. Қандай да бір шешім қабыл­дағанда да, нендей бір істі бастағанда да Елбасы осылай, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қол­тығынан демеген де, демейтін де, қол­да­ған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы.

Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Әйт­пе­се тар кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек керек еді. Білек те керек еді, қолдайтын тілек те керек еді. Риясыз жүрек те, тілек те болды. Алла не берсе де оңынан берді. Соның арқасында біз басымыздан кешпеген өмірді кешіп отырмыз, жүріп өтпеген жолға түсіп отырмыз. Назарбаевты қазақтың пешене­сіне берген, халық үшін туған ұлы пер­зенті дейтініміз сондықтан.

Елбасының саясаты алтын ар­қауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміздерінен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қайта аузынан тастамайтыны – елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бас­тап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді.

Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жы­рың­ға жол бермеу керек еді. Бұдан басқа жол жоқ еді. Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сол жолдан Елбасы ешқашан тай­ған емес. Небір тар жол, тайғақ кешу­ден де, неше түрлі сыннан да, тозақтың оты­нан да, қияметтің қыл көпірінен де бір­лік пен ынтымақтың арқасында аман өтті.

Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақ­тас республикалардың барлығы дерлік дағдарысты басынан кешіргені есімізде. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақша­лар, мектептер, мәдениет ошақ­тары та­лан-таражға түсті, эконо­мика құлдырады, ел күйзеліске ұшырады; жұртты үрей би­ле­ді, мұның аяғы не болады деп пұшай­ман болды. Қайтіп ел бо­ламыз деп сер­гелдеңге түсті. Неше түр­лі арандатушылар пайда болып, әбіржітті, ел ішіне іріткі салды. Ресейдің кейбір саясаткерлері бұл ахуалды “Парад Независимости!” (“Тәу­ел­сіздіктің шеру­лері”) деп келеке қылады. Елдің есі шықты, ойына келгенін істеді. Шерулер көбейді. Түрлі қозғалыстар пайда болды. Адамның ақылына сыймай­тын митингі­лер қаптады. Небір “ше­шен­дер” шықты суырылып. Неше түрлі газеттер шыға бастады. Қысқасы, жұрт бетімен кетті. Солардың көбі жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тірсегі дірілдеп, құлағы қалқайып келе жатқан тәуелсіздікке демеу болудың орнына қарсы шыққан­дай болды. Толып жатқан ессіз митингі­лер, шерулер елге кесірін тигізді; мемле­кеттің алға қойып отырған, биліктің жүзеге асырсақ, құлағанды түзесек, қисайғанды демесек деген тірлігіне кедергі болды. Көбінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Елді бүлікке де шақырды. Елбасын балағаттап та жатты. Тобықтан қағып, етектен алмақ түгілі, жағадан да алып, кеңірдекке де қол салып жатты. Сөйтіп жүріп “Демократия қайда?!” деп айқай салды.

Ешкімге оқ атылған жоқ. Елбасы осының бәріне шыдады. “Мұратымызға жету үшін біз осындай қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз ке­рек”, – деп жүрді. “Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген ел едік. Енді аяқ-қолы, тілі босаған соң, жұрт еркін сөйлеуді де үй­ренсін”, – деді. Кеңшілік жасады. Со­ның арқасында көрші елдер бүлініп жатқанда, бізде тышқан мұрны қанаған жоқ. Осылай демократия жолына түстік. Жұрт еркімен жүрді, еркімен сөйледі, дегенін істеді. Бірақ демократия аузына келгенді оттау, ойына келгенді істеу емес екен­дігін, демократия дегеніміз интел­лек­туалды ақылдың билігі екендігін жұрттың бәрі түсіне бермеді. Бәзбіреу­лердің түсін­гі­сі де келмеді. Сол бір ал­мағайып кезең­де Елбасы халықтың орта­сынан шыққан нағыз интеллектуал екен­дігін, саясатта сал­қынқандылық, төзім­ділік керек екен­дігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты.

Риза болған, әбден сенген ел аза­маты­ның соңынан ерді. Ері де елін адастырған жоқ. Сөйтіп, көкірегіміз қарс айрылған­дай өзіміздің Мәскеуіміз, өзіміздің Ода­ғы­мыз деп жүрген елде тірі пенде біл­мей­тін қазақ деген халықты, Қазақстан деген мемлекетті бүгінде бүкіл әлем таныды.

“Мен сендердің төбелеріңнен алтын жаудырам деп уәде бермеймін, бұдан да қиын кезеңді бастан кешерміз” дегенінің өзінде де, қай сайлауда да, қайбір таңдауда да ел тағы да сол Назар­баевқа сенді, Назарбаевтың соңынан ерді, оны таңдады. Талай қауіптен, өмірдің талай сынынан елін аман алып шығып, үнемі ілгерілеумен, жұлдызын жоғары­ла­ту­мен болды. Халық – сыншы, Назар­баевтың елді әйтеуір бір даңғыл жолға түсіретініне сенді.

Сенім үдесінен шыққан Елбасы ел тізгінін ұстаған 1991 жылдың 1 желтоқ­са­ны­нан бергі жерде экономикаға төтен­нен, сырттан киліккен бүкілдүниежүзілік дағдарыстың да алдын алу, бетін қайтару амалдарын іздестіріп, тосқауыл қоя білді. Тоқсаныншы жылдардың аяғындағы дағдарыстан аман алып қалды. Назар­баевтың дағдарыстан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойып отырғаны сондықтан.

Елбасын әсіре мақтап, аңызға, мифтік кейіпкерге айналдырайын деп отырғаным жоқ, аңызға бергісіз шын­дықты көзі­мізбен көріп, басымыздан кешіп отырған соң айтып отырмын.

Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, жел­біретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халық­аралық қатынас­тардың да астанасына айнала бастады.

Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да енді бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақ­стан­ды орманға, жасыл елге айналдыра­мын деген Елбасының “Жасыл ел” дейтін жобасы “Мәңгі ел” орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманын­дағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. Астананың маңына он жылда 45 мың гектар орман егіліпті. Ол 75 мың гек­тарға жетпекші. “Біз болашақ ұрпаққа ну орманға айналған Қазақ­станды табыс етуіміз керек” – деді Ел­басы. “Жасыл ел” – “Мәңгі ел” ұғым­дары астасып, түбінде еліміздің басты идеологиясына айналатын түрі бар.

Елбасын көп ретте Абылай ханмен са­лыстырып та жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қай­раткер, кемел тұлғаның: “Үш жүздің ба­сын қоссам, қала салсам, сөй­тіп көшіп-қон­ған жұртымды ел етсем” деген арма­ны асқақ болатын. Абылайдың да сол ар­ма­нын жүзеге асырған, аманатқа адал бол­ған адам – тағы да сол Нұрсұлтан На­зарбаев. “Тымақ – төбесінен, ел төре­сі­нен тозады” дейді халық. Құдайға шү­кір, қазақтың тымағы бүтін, төресі төрінде.

Н.Назарбаев ешқашан халқына жал­ған уәде берген жоқ, ақиқаттан айныған емес. Оны халқы бағалады. Астананы көшіргенде де халқы қолдады, қазір де қолдап отыр.

Елбасының: “Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген, өмірдің небір шырғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар; өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзінікі түгіл өзге ұлттың жетімін тентіретпеген, қаншама ұлт пен ұлыстарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дария, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақ ақкөңіл хал­қым бар; талай жаудың меселін қайта­рып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; күмбірлете күй төгіп, тамылжыта ән салып, қырық күн, қырық түн жырлана­тын дастандарды дүниеге келтірген өнерпаз халқым бар; қаншама данышпан-даналарды, кемеңгер ғалым­дарды, алып батырларды, сұңғыла ше­шен­дерді, тура билерді дүниеге келтірген тәкаппар да паң халқым бар.

Мені де осы халықтың дүниеге келті­ріп, менің де Ұлы даланың қасиетті то­пы­рағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын, жомарт халқым­нан, дана халқымнан, көнтерілі халқым­нан!” – деп тебірене жазатыны сондықтан.

Нұрекең ес біліп, етек жиғалы хал­қым деп тебіреніп, елім деп еміреніп, ұл­тым деп қызмет етіп келеді. Не көрсе де, елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.

Құдайға мың шүкір! Бүгінде дүние жү­зін мойындатқан егеменді еліміз бар. Мемлекеттігіміздің негізін қалап, елі­міз­дің көсегесін көгертіп, әлемге танытып, көрегендікпен өрге сүйреп келе жатқан Көшбасшымыз бар.

“Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар” деген сөз бар бабалары­мыздан қалған. Еліміздің ынтымағына қазір жер-жаһанның бәрі де қызығып отыр. Жер-жерде топалаң келіп, топан су басып, түрлі шиеленіс-қақтығыстар бо­лып, қайбір елдер дағдарыстан еңсесін көте­ре алмай жатыр. Алла сондайдан сақ­тасын деп тілейік. Билікке таласып, баққа таласып, таққа жармасып жатқан кейбір даңққұмар, таққұмарлардың не ойлай­ты­нын қайдам, халық елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін, ердің абыройын тілеп отыр. Елбасының да күні-түні ойлайтыны осы. Оның халқымен қаны да, жаны да бір, жүрегі де, тілегі де бір, әр күні, әр сағаты туған елінің тағдыры үшін күрес­пен өтіп келеді. Тәуекелге барып, тәуелсіз мемлекет құрды. Халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді. Осының бәрі ынтымақтың арқасы, Елбасының сарабдал саясатының арқасы, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы.

Қазір жер аяғы кеңіді. Кеше бір қырдың астында отырып, келесі қырдың басына барып келгенін жыл бойы әңгіме қылып айтатын қазақ, бүгінде таңертең үйінде шай ішіп, Парижде түстеніп, кеш­ке қайта оралып жатса бұған ешкім таң қалмайтын болды. Барамын деген жеріне барып жатыр, аламын дегенін алып жатыр, істеймін дегенін істеп жатыр, ойындағысы болып жатыр. Елбасының қадір-қасиетін осы тұрғыдан да бағалауымыз керек.

Билік үнемі бір кісінің басында тұра бермейді, мәңгі тақта отырған патшаны тарих білмейді, білген де емес. Өмір көшкен керуен тәрізді. Бір көш келіп, бір көш кетіп жатады. Сондықтан алдымен мына жалған дүниеде бір-бірімізді қадір­леп, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп жүр­ген­нен артық ештеңе жоқ. Алда не бола­рын кім біледі дейсіз, тіршілікте сіз-біз дескенге, сыйласқанға, жүзіміздің жар­қын болғанына ештеңе жетпейді.

Өмір бірқалыпты тұра бермейді. Арқамызды Алатауға сүйегендей болып жүргенде, халықтар достығының кемесі шайқалып, отыз жылдай еліміздің тізгінін ұстаған, аспандағы айымыз, көктегі жұл­дызымыз деп жүрген Димекең құданың құдіретімен бір-ақ сәтте торғайдай топ етіп жерге түсті емес пе? Өмір бойы жақ­сы­лығын көріп келе жатқан талай қазақ сонда Қонаевтан лезде-ақ теріс айналып шық­қан. Жарық­тық Диме­кең­нің басынан бақ, астынан тақ тай­ғанда, көзін сүзіп қайдағы бір сау денеге шыққан сыздауықтай болып Колбин кел­генде: “Бұлттан шыққан күндей болды­ңыз” деп әкесі тірілгендей қуанғандарды да көзіміз көрген.

Қазақтың бағы Колбин кетіп, билікке Назарбаев келген соң ашылды.

Ауыс-түйіс болып жатқанда да, кейін де Орталық Назарбаевқа “Халің қалай?” деген жоқ, қолұшын да берген жоқ. “Сен қалайсың?” деген жанашыр болма­ды. Қып-қызыл өрттің ішінде жалғыз қалды. Жетпейдінің заманы туды. Қамау­ға түскен барысша арпалысты, барыстық мінез танытты. Нендей қиындық бол­мады дейсіз. Сонда да қалың елді, қиямет-қайымнан әупірімдеп аман алып шықты. Ішкі-сыртқы қиындықтармен арпалыса жүріп аса маңызды жобаларды жүзеге асырды, сөйтіп Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қатарына қосты.

Ең әуелі: жалпақ дүниеге ат ізін салып, барған жерінен бос қайтпай, еліміздің туын аспандатып, еңсесін асқақтатты. Сөзін өткізді. Нешеме алпауыттың бүйрегін бүлк еткізіп, елдегі тұралап жатқан шикізат пен өндіріс көзіне шеттен инвестиция тарта білді. Соның арқасында жеті қат жер астындағы шикізат көзіне қол жеткізер технологиясы жоқ… бесаспап білгір маманы жоқ… қаржы көзі тапшы дамушы елден – бұл күнде көмірсутегі өндіруден дүниелік бесінші орынға шықтық, уран шикізатынан екінші орынға көтерілдік.

Еліміздің талантты да алғыр жас­тарын “Болашақ” бағдарламасы бойын­ша шет­елде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір менталитеттік техноло­гияның құла­ғында ойнайтын ойы ора­лым­ды, ақылы зерек жастар елдің басқа­ру жүйесінде, ғылыми зерттеу институт­тарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Ғарыштық зерттеу комитетінде, “Жол кар­тасында”, 30 ин­но­вациялық кешенді өндірісте – топ-менеджерлік – ел ертеңі іс білетін жастардың қолына көшуде.

Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Прези­денті­міздің айрықша қасиеті. “Қазақ­стан­ның әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті елу елдің қатарына кіру стра­тегиясы” – ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қам­шы­лаудың айрықша көрінісі. Бәсекеге қабілетті болу үшін – адам факторы алғы межеге шығады. Ол адам бәсекеге қабі­летті, білімді болуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын кезеңде, 1993 жылы бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаржы табылмай жатқанда мем­лекет өзінің ертеңін ойлады. Халықара­лық “Болашақ” стипендиясын тағайын­дады. Білім берудің қазақстандық моделі жасалды. Білім беру саласында өмір бойы білім алу, өмір бойы іздену; үзбей жетілу тұжырым­да­масы алғы межеге шықты.

Президентіміз 2003 жылдың көк­те­мінен ешбір елде жоқ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі қарқын алып келеді. Дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен, жоғалған, қолды болған, уақыт топыра­ғына көміліп қал­ған, шетел асып кеткен небір ғажайып жә­ді­герлер қайтып оралды. Ауыз толты­рып айтуға тұратын жау­һарларымыз жарқ етті. Алтын Адам дүниені аралап кетті. Алтын­мен апталған, күміспен күп­телген Бергі ел – патша әбзелдері, сар­мат көсемдері күн көзіне шықты. Ұлты­мыздың ұмытылып, жоғала бастаған рухани құндылықтарын іздеп тауып, барын базарлап, жүйеге түзіп, халықтың күнбе-күнгі қажетіне жаратуға тәуекел жасалды. Ғажайыптарды ғылыми айна­лым­ға енгізіп, ұрпақ санасына сіңіру жұмысы да басталды. Айналадағы елдер көжесін тауып ішуге зар болып жатқанда – біздердің бабалар мұрасын түген­деуіміз айтуы жоқ ыждағаттылық еді!

“Мәдени мұраны” кезең-кезеңге бөліп, қыруар қаржы шығарып, ол қар­жы­ны қандай көздерден алып, қалай жара­туды өзі белгіледі. Дүниелік ақпарат құралдары: “Өзге елдер ат ізін салмаған бастама”, “Ұлттық құндылықтың қайта түлеуі”, “Тәуелсіздіктің алғышартының игі қадамы” деп дүрілдетіп жазып жатты. Расында ғой! Көп ел 1999 жылғы азия­лық экономикалық құнсыздану құйыны­нан, 2008 жылдан басталған дүниелік дағ­да­рыс­тан қиналып, апшысы қуыры­лып жатқанда – керісінше, Қазақстан эконо­микалық шайқалысқа төтеп бере отырып, бабалар ізін, қасиетті тірі сөзін түгендеуді жалғастыра берді. Тарихи кезеңді оқиғаларды тізбелеп отырғаны­мыздың мәнісі осы.

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы азиялық дағдарыстан да Елбасының арқа­сында аман өттік. Қазақстан дамуының 2000-2030 жылғы стратегиясы – елдің кемелденуіне арналған сараптама екенін келе-келе түсіндік. Әлгі стратегия елге толқын-толқын болып келетін жеті түрлі серпіліс әкелді: ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайту; елдің саяси құрылымын – Президенттік институт, қос палаталы пар­ламент – архитек­турасын қолмен құру; 30 корпоративтік көшбасшы нысан­ды шегелей түсіп, елді ашық рынокқа көшіру; білім беруді, денсаулықты, әлеу­мет­тік әл-ауқатты сатылап көтеру арқылы өмір сапасының ұлттық стандартын жасау; экономика­дағы голланд ауруын еңсере отырып, көмір­сутегі көздерін өндіруден Қазақ­станды мұнайлы елдердің ондығына шығару; көлік және байланыс жүйесін жолға қою; кәсіби басқару жүйесін қа­лып­тастыру. Бұл жеті асудан ат шалдыр­май өту оңайға түспеді. Тау қопарғандай толағайлы тәуекелді, жүрек жұтқан батылдықты қажет етті. Қазір қарасаң – бәрі өз-өзінен бола салғандай, ертегіде­гідей елестейді!

Бұл жобаларды жүзеге асыруда Елба­сы АҚШ-тың өткен ғасырдың отызын­шы жылдарындағы Рузвельттің Ұлы дағ­да­рыс­тан шығу жолын, Қытайдағы Дэн Сяопин драконының секірісін, Малай­зия­ның “Перспектива 2020” жоспары секілді сол елдерді іркілістен жетелеп шы­ғарған әлемдік тәжірибелерді де ескерді.

Уақыт – жинақтауға, көбейтуге, кері қайтаруға көнбейтін құдірет. Дүниеде уақытты жеңе білген адам жоқ. Уақытпен ұстаса білген адамдар ғана ұтады. Алмас тасындай жарқылдаған Президенттің уақытпен салыса жүруі – мінезінің ең асыл қырларының бірі ме деп ойлаймын.

Астана қаласында бой көтеріп жатқан халықаралық деңгейдегі жаңа универ­си­тет білім-ғылымның жаңа биігіне, сапасы бөлек байтақ әлемге айналғалы тұр. Ба­за­лық орталығы бар, әлемдік талаптарға жауап бере алатын, Масса­чусетс тех­но­ло­гия институты, Гарвард, Оксфорд, Колум­бия университеттері секілді жоғары оқу орны болмақ. Бұл университет еліміздің ғылыми-тех­никалық элитасын құрамақ, өздеріне жауапкершілік ала ала­тын жас адамдар­дың жаңа буынын тәр­биелемек. Бұл жаңа буын бүгінгі өзгерген экономи­калық, технологиялық жағдай­лар­ға бейімді болатынына, сөйтіп Қазақ­станды жаңа биікке көтере алатындық­тары­на үміттіміз әрі сенімдіміз. Айтса-айтқан­дай-ақ. Президентіміз ғаламдық құбы­лысты, кезеңдік сілкіністі елден бұрын, алыстан сезетін көріпкел иесіндей көрінеді көзіме.

Жұмыр жерде қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты дәйекті ету мақсатында Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің лидерлері бас қосқанда, Ека­те­рин­бургте Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдер басшылары кеңесінің саммитінде “Не мәселе қозғалар екен” деп елеңдестік. Таңғалғаным: жұмыр жердің тең жарымын жайлаған, дүниені аузына қаратқан алып елдердің бас­шы­лары арасында Президентіміз айрықша нұсқаланып көрінді. Жарқылдап жүрді. Толағайлы ой толғады. “Енді не қыла­мыз” деп дағдарыстан үркіп дағдара баста­ған жайсаңдар мен жақсыларға серпін берер тың сөз айтты, санасына сенім ұялатты.

Нұрсұлтан Әбішұлы – жаңашыл адам. Жаңашылдық оның мінезінің ең асыл қыры. Үстіміздегі жылдың үлкен сегіздік (G8) пен жиырма алпауыттың (G20) бас қосқан жиынында тағы да тосын жаңашылдығымен көзге түсті. Елден бұрын дағдарыстан шығу кілтін ұсынды. Валютаның аспанға ұшып ке­туінің жеті түрлі себеп-салдарын жіліктеп шықты. Тұла бойында жеті түрлі генети­ка­лық сырқаты бар валютаны, ақаулы капиталды – Президентіміз дефектал деп атады. “Жаңа дамуға жаңа белгі, тың атау берілгені жөн. Ертедегі гректер дамудың жо­ғарғы кезеңін акме деп атаған. Бойын­да ауру-сырқауы жоқ таза капиталды жаңаша акметал деп белгілейік, ал жаңа әлемнің болашақ сатысын ендігі жерде акметализм деп атаған дұрыс болар” деп көрегендік танытты. Ертеңгі күнге қалай қадам басуды ойласуға шақырды. Әуелі ақаусыз, ауру-сырқаусыз өңірлік жаңа валютаға көшкен жөн деді. Баяғыф жеті залалды, дімкәсті валютаның шаңын қағып, сауықтырып, әлемдік акме-валю­та­ның – жеті ақаусыз жаңа жүйесіне ер­терек көшкеніміз дұрыс деп дабыл қақты. Валюталық-есептік бірліктерге арнап өңірлік және континенталдық эмиссиялық орталықтар жүйесін жасаған жөн деп нығыздады. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа жүйені – әлгі ақаусыз әлемдік ва­лютаны – баяғы адамзатты топан судан құтқарған Нұх кемесіне теңеді.

“Адамзат әлі біліп болмаған дағда­рыс­ты, айрықша үрейлі құбылысты терең зерделеуіміз қажет. Ескі дог­ма­лар мен стереотиптерді сілкіп салып, эконо­ми­калық заңдарды қайта қарастыратын кезең келді. Жаңаша батыл көзқарас қажет”, – дегенді алғаш айтқан да Қазақстан Президенті болды.

Көнерген дефекталдан шы­ғып, жаңа әлемдік транзиталға көшу ұсынысы Президентіміздің жарқ еткен жаңашыл­дығының тағы бір көрінісі болды. Ұсынысты Астананың ІІ экономикалық форумының мәртебелі мейманы, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Манделл мырза қуана құптады. Ризалық сезімін жасыра алмады.

Президенттің пәрменді іс-қимы­лынан кейін-ақ дағдарыс қазақ ұлтын рынок көпірінен есен-аман өтетін өміршеңдігін күшейтті. Дағдарыстан – дамуға қадам басамыз деген сенім жүрегіміздің төрінен шығып, көңілден үрей кетті.

Екінші экономикалық форумға жи­нал­ған әлемнің жетекші компания­лары мен даму институттарының дүлдүл сарап­­шылары Президентіміздің рефор­ма­тор­лық, жаңашылдық мінезіне тәнті болды. Ұсынысты – эко­номикалық қауіпсіз­дік­тің кепілі деп бағалады. Осыны естіген ел­дің еңсесі көтерілді. Иесі бар ел екенімізді сезіндік!

Президентіміз осы тұста адам сана­сы­ның, қоғам дамуының тамыршысы екенін, әрі психолог, әрі ғажап эко­номист, әрі кемеңгер саясаткер екен­дігін, қазақ айтатын сегіз қырлы, бір сырлы мінездің иесі екендігін танытты.

Президентімізді бұл күнде әлем мой­ын­дады. Тақауда Ұлыбританияның сая­сат­кері Джонатан Айткеннің Лондонда, ағылшын тілінде, “Назарбаев және Қа­зақ­станның дүниеге келуі: коммунизм­нен – капитализмге” деп аталатын кітабы жарық көрді. Бұрын бұл автордың АҚШ президенті Ричард Никсон туралы кітабы шыққан. “Назарбаев туралы кітап жазуға не себеп болды” деген тілші сауалына кә­нігі саясаткер: “Дүниедегі саяси лидер­лер маңайына ауа райын жасай біледі. Маңайына жарқыраған шуақ шашсын, я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар туралы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзінің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күнгі Обама мен Медведевпен бір бойлықта қажыр-қайрат танытып жүрген жампоздар некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқыр­манды қатты қызықтырады” – деп жауап береді. Иланбасқа шараңыз жоқ.

Осы қалай деген алысты да, жақынды да дүркін-дүркін Астанаға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Прези­денті­мізге сексеннің сеңгіріне шыққан Израильдің лидері Шимон Перес ға­жайыпқа қалып, бас шайқаумен болды. Етене ет жақынын көргендей құшағын ашумен болғаны да жадымызда.

Діндер шайқалса – әлем шайқалады. Онда дін қасиетіңе емес, қасіретіңе ай­налады. Дүние жүзі дін басшыларын Аста­наға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізден айналсақ та болады.

Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының үшінші құрылтайы дүркіреп өтті. Биік, мәртебелі мінбеден Прези­денті­міз әлі күнге ешкімнің ойына кел­меген, көбіміздің жүрегімізде жүрсе де – құйма алтындай қорытылып шыға қой­маған әлеуетті ойды тебірене тарқатты. Тағы да адамзаттың алдында әзірге ешкім үзілді-кесілді жауап бере алмаған сұрақтар тұрғанын толғады. Үнінен ұлы уәйім лебі есті.

– Жаратқанның өзі адамзатқа сый еткен әлемнің бүкіл сансыз байлығы не­лік­тен оның азғана бөлігінің иелігіне қыз­мет етеді? Кедейлер мен байлардың ара­сындағы алшақтық геометриялық про­грессиямен ұлғайып барады. Ал осындай кезде миллиардтан астам адам күніне 1 доллардан аз қаржыға күн кешуде.

Бір елдерде қоқыстарда барлық өнді­ріл­ген өнімдердің үштен бір бөлігі жой­ылуда. Планетаның басқа бөліктерінде тұтас елдер мен өңірлер аштық қатерінде қалып отыр. Осы заманғы ғылымның сондайлық ғажап табыстары жағдайында – неліктен әлемді кенеттен пайда бола­тын планеталық эпидемияның қатері сіл­кінтіп тұрады, ал миллиардтаған адам­дар­дың неліктен медициналық көмекке қолжетімділігі жоқ?

10 миллион дерлік бала жыл сайын бес жасқа жетпестен, оның үстіне емдеуге болатын аурулардан шетінеп жатады. Адамзатқа жаза секілденіп жаңа эпи­де­мия­лар пайда болуда, ал олардың алдын­да ғылым әзірге әлсіз болып тұр, – деп тебіренді Президентіміз.

“Жер бетіндегі игіліктер жолындағы бассыз бәсекеде неліктен өмірдің адам­гершілік жақтары ұмытыла беріп, тұ­ты­ну­ға табынушылық неліктен көптеген адамдар үшін өмірдің мәніне айналды… Тұрақты, өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші тұрғыға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар – ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке – билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды. Адам жаны түршігерлік постулаттар осы” – деді Президент

“Бәлкім, тоқтап, біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр дегенді ойланатын уақыт жеткен шығар” – дегенде атшаптырым Тәуелсіздік сарайы бір мезет құлаққа ұрған танадай тым-тырыс тына қалды. Артынша дүние тіршілігі төңкерілгендей ду қолшапалақ­тау­дан сарай жаңғырды! Тебіренбеген адам қалмады. Жанарымызды мөлдіреп жас жиектеді. Түсінгендер қопарыла күрсінгендей болды.

Елбасымыз әлемдік мінберлерден әлемдік толғаныстарды толғап жатқанда, жер бетіндегі күллі адам баласының тағ­дырына шырылдап араша түсіп жатқан­да, айымыз оңынан, жұлдызымыз солы­нан туып тұрған осындай заманымызда бар ақыл-ойымызды, күш-жігерімізді бүгінгі бақытымызды баянды етуге жұмсауымыз керек. Бүгінгі табысымызды еселейтін, елді алға сүйрейтін кадрлар­дың намыс­шыл жаңа буынын: нағыз отаншылдарды, мемлекетшілдерді тәр­бие­леп шығаруы­мыз керек. Бұрынғы ескі ауруға шалдық­пай, ескі әдетке салынбай, өркениетті ел бо­лудың амалын бірлесіп ойласуымыз керек.

Бұл ретте ұлы Абайдың: “…Біздің қа­зақ­тың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Біріміз­ді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық – қалып; өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен!”  деп күйінгенін ешқашан естен шығар­мауы­мыз керек. Елдіктің жаңа сатысына көтерілуіміз керек. Мұны кім істейді – қолына тізгін ұстап, ат үстінде жүрген азаматтар істеуі керек. Байқап отыр­саңыз: Елбасының маңайында көптен жүрген, тә­жірибе жинақтаған ортан қолдай ма­ман­ның біразы жан бағудың жолына түс­ті. Халық үшін жанын беретін, елге жаны ашитын кісі азайды. Керісінше, билік басынан айрылып қалмаудың жолын ойлаған жалпақ­шешей жалба­қай­лар көбейді. Прези­денттің төңірегінде қызмет үстелінен тістей қатып айрылмай, елдің көзіне алпауыт болып, бастықтың көзіне қой­дан жуас қоңыр қозы болып жүрген­дер қаптады. Елбасын оңды-солды мақтай берсек жолымыз болады деп ой­лай­ды олар. Жұрт алдына шығып жар­қыл­дап, елдің сөзін сөйлей алмайтын, жосық айта алмайтын үндеместер кө­бей­ді. Ызалы жерді баспайтын, аузынан ар­тық сөз шықпайтын, жарытып іс шеш­пейтіндер бұғынып отыра беруді әдетке айналдырды. Мемлекеттік қызметте ұлттың тілін де, тарихын да, салт-дәс­түрі, әдет-ғұрпын да білмей­тіндер, ұлтына жаны ашымайтындар көбейді.

Ендігі жерде мемлекеттік қызметте елдің қамын жейтіндер, ұлттың мүддесін көздейтіндер, халықтың келешегін ойлай­тындар, көкейіндегісін табатындар көбей­се екен деп тілейміз. Өйткені, мем­лекетке қызмет ету деген сөз – ұлтына, келешек­ке қызмет ету деген сөз.

Қазір демократия салтанат құрған елде өмір сүреміз. Кеше биліктің тұтқа­сын ұстаған, Тәуелсіздікке шама-шар­қынша қызмет жасаған біраз азаматтар оппозицияның сойылын соғып жүр. Оппозицияның болғаны жақсы. Талас-тартыстан шындық шығады, кемшіліктен тезірек арыламыз. Әйтсе де осынау оп­позиция деп аталатын – ашық пікір айқай­шылары – көбіне бала-шағаның сөзін сөйлеп, болмашының маңайында талас-тартыс туғызып, тілді де, ұлтты да саудаға салып жүр.

Ақпараттық кеңістігіміздің тізгіні көл­денеңдеп килігуші өзгелердің қолында кетіп бара жатқандай көрінеді. Бейпіл сөздер, бетімен лағушылық, қалың елдің қадірін түсіретін өсек-аяң, бейбастақ көрі­ністер етек жайып барады. Еркіндік бар да, есерлік бар. Ара жігін ажырата алмай жүргендер де жоқ емес. Газет, журнал, бәзбір каналдар жеке­меншік болғанымен – халық жекеменшік емес. Жұрттың, елдің санасын улап, ақты – қара деп, қараны – ақ деп, халықты адастырудың жөні жоқ.

Жер шетінен сығалап қарап отырған­дар онсыз да жетеді. Қызмет берсе мақ­та­ған­нан, қызметтен алса даттағаннан сақ­таналық. Ошақтың бұты үшеу болға­ны­мен, ұлт біреу. Өкпешілдік өрге бас­тыр­май­ды. Күні кеше Есімханға өкпелеп Жиембет жыраудың ат құйрығын кесісіп Арқаға көшкенінен қазақ пайда тапқан жоқ. Азаматтар бірін-бірі аяқтан шалып, етектен, жағадан алып, жатқа таба бол­май, кеңірдекке қол салмай, бір-бірімізге құшағымызды ашайық. Қолдан келсе – басымызға қонған бақты ұшырып ал­майық, елге күлкі, есекке жүк болмайық. Мінезді кеңге салайық. Өкпеге қиған­мен, өлімге қимайтын бауырларымыз – бір болайық, бірге болайық.

Өзімізді-өзіміз бақпасақ – сырттан келіп ешкім, ешқашан бізді жарылқамай­ды. Сақ заманындағы би атамыздың: “Арманның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің ара­сынан өтеді; араздаспай, таласпай, тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар бол­са, бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді”, деген аталы сөзін есімізден шығармайық.

Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Дүниедегі қабырғалы елдердің қатарына қосылдық. Халық Президентін жүрегінің төріне көтерді. Осының бәрі айналып келіп, Елбасын – ұлттың құтқарушысы, ұлттың бас иесі етті.

Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көш­басшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері.

Қазір әлемдік саясатты игеруде, эко­но­миканы еңсеруде, өз халқының та­рихын, тілін, мәдениетін білуде Прези­дент­ке тең келетін адам жоқ. Еуразия кін­дігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, күнбе-күн келісім мен жарасым шам­шырағын жағып отырған қарқарадай Президентіміздің еңбегі.

Бертінде, есейген шақта біразымыз Нұр­сұлтан Әбішұлының жанынан табыл­дық. Басымызды жаңа мемлекет орнату идеясы біріктірді. Есі шыққан елге демеу болып, тізе қосып, ұлтқа жан салып қыз­мет істегеніміз осы тұс болатын. Ала­са­п­ыран кезде қоян-қолтық бірге қызмет істегеніміз уақыт үшін де, ұлт үшін де пай­далы болды. Ел ішіндегі ахуалдың ор­нығуына, жас мемлекеттің іргесінің берік қалануына шама-шарқымызша үлес қостық.

Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге таныту дейтін күрделі про­цеске қатысуды Алла кез келген кісі­нің пешенесіне жаза бермеген. Біздер руха­ният саласында осы бақытқа ие болғандармыз. Бізді баулыған да, елге қызмет еткізген де – Нұрсұлтан Назар­баев, сол кісімен бірге келген Тәуелсіздік, Азаттықтың ақ таңы, ата-бабамыздың сан мың жылғы аңсаулы арманы.

Қазақ тарихы бұрын-соңды басынан кешпеген, өзіміз де, өзге де таң қалғандай осы құдіретті істің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды.

Алпауыт күштер сырттан андыздап тұр­ғанда, ел ішінде адам баласы түсініп болмайтын шытырман оқиғалар арпалы­сып жатқанда, Назарбаев көрегендікпен, көсемдікпен есеңгіреген елдің есін жиып, Ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалып­тастырып, да­мы­тып, әлемге танытып, әлемдік қауым­дас­тыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалып­тас­тырды. Өзі де әлем қауымдастығы мой­ын­даған кемеңгерге айналды. Ел алдын­дағы, өркениет алдындағы осындай аса жауапты міндетті Елбасы, сөйтіп абы­рой­мен орындады. “Сүйер ұлың болса, сен сүй” деп Абай айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев қол­паштауға да, қолдауға да, қошеметтеуге де тұратын; қалай мақтаса да сыятын, соған лайықты кісі, ортасы­нан ойы озған, қатарынан қалпы озған азамат.

Жас та, жасамыс та анық білетін ақи­қат осы. Құдай үшін, тарих үшін, әділет үшін бұл шындықты да айтатын мезгіл жетті.

Президент Назарбаев – мемлекет­тігі­мізді орнатып, оны қалыптастырып, эко­номикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Елбасының аз ғана жылдарда адам айтса нанғысыз атқарған қыруар істері болашақ ұрпаққа аңыз болып жететіні сөзсіз. Аумалы-төкпелі, ал­мағайып заманда мың өліп, мың тіріл­ген қазақтың, үш ғасыр бодан болған елдің тізгінін Нұрекеңдей азаматтың ұстауы – Алланың халыққа берген сыйы еді. Қазақ халқы сан мың жылдар іздеген мұратына да, арманына да Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жетті. Осы жыл­дарда біз Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін айқын таныдық.

Н.Назарбаев – ұлттық дәстүрде тәр­биеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдение­тін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлт­жанды Азаматы; қалың елдің жанашыры; мұңдасы, тағдырласы; қорыққанға – қорған, тарыққанға – пана, зарыққанға сана бола білген өз елінің шын перзенті; алдағыны болжай білетін, ертеңгісін де оза ойлай білетін көсемі; елінің жүгін көтеріп келе жатқан қара нары; халық­аралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен тере­зесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егес­кен­де еңсесін басатын, елдескенде мейі­рі­мін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткері.

Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасыр­дың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, хал­қын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, тек­шіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат.

Н.Назарбаев – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пай­даланып, ата-бабадан қалған асыл өнегені әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер.

Назарбаев – әлем мойындаған, жа­һан­ға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі за­манның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Ке­меңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.

Көк түрктің кіндігінен жаралғандар­дың ішінен озып туғаны да, түрк тектес халықтардың лидері де – Н.Назарбаев. Күні кеше ғана Түркияның Премьер-министрі Т.Ердоғанның Назарбаевты “түрік әлемінің лидері” дегені — сол мойындаудың келісті көрінісі.

Бәріміз жақсы білетін Назарбаев, міне, осындай адам.

Қазақтың құлан жортса тұяғы тоза­тын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұн­дай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қа­зақ­стан, ердің аты – Нұрсұл­тан. Қазақстан, Астана, Назарбаев дейтін сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды.

Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз, — елдігіміз үшін мақ­танғанымыз. Ол Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының осыншама жасап жатқан жасампаз еңбегі баянды болсын. Дені сау, ел-жұрты аман болсын. Халқының мерейі үстем бола берсін. Қазақстаны­мыз қа­рыш­тай берсін. Асқақтай берсін азаттық­тың Астанасы. Бүкіл түркі дүниесінің, Алты алаштың айбары мен қорғаны бо­лып отырған Елбасына Алла ұзақ ғұмыр берсін!

Есейген еліміз, еңселі еріміз аман болсын. Талай халықаралық жобаларды табыспен жүзеге асырып келе жатқан Қазақстанымыздың ендігі жерде Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының төрінде де нұры тасып, абыройы аса берсін!

 

НҰР СӘУЛЕТТІ НҰР-АҒА

 

Серпігенде бодандықтың тұманын,

Жетті әлемге ұраным мен жыр-әнім.

Өзің болдың көшбасшысы елімнің,

Өзің болдың биік ұшқан қыраным.

 

Қайырмасы:

Ел тірегі – қайратым,

Абыройым, айбатым!

Отан даңқын асырдың,

Көк туымды жайнатып.

Бағымызға жүр аман,

Нұр сәулетті Нұр-аға!

Келбетіңнен ізгілік нұр көрінген,

Лебізіңнен ел арманы өрілген.

Сенің арқаң – Қазақстан көркейіп,

Достық әні шарықтайды төрімнен!

 

Қайырмасы:

Ел тірегі – қайратым,

Абыройым, айбатым!

Отан даңқын асырдың,

Көк туымды жайнатып.

Бағымызға жүр аман,

Нұр сәулетті Нұр-аға!

>Сөзі мен әнін жазған Тұрсынай Оразбаева.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Егемен Қазақстан газетінен алынған

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.