Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?

220610-monkebi3Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатың
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетің
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады…

 

 

…Атақты жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шыққан “Ел қорғаны” атты бір перделі пьесасы бар. Бұл – Ақтөбе маңындағы азамат соғысы жылдарында болған оқиғаның негізінде жазылған кешегі Кеңес өкіметінің келуімен бірге туған ел ішіндегі өзгерістерді баяңдайтың ақ пен қызылдың шайқасын бір ұлттың бай мен кедей боп бөліну шындығын білдіретін драма.

Пьеса басталғанда сахнада екі-үш ақсақал-бай губерниядан келген жас большевиктің сөз сөйлеуін күтіп, әңгімелесіп отырады. “Бұл жастар ел билеп не оңдырады?” – деп түңілген бір ақсақал айтып аузын жиғанша, екіншісі:

— He оңдырушы еді? Заманақырдың белгісі де.

— Жарықтық Мөңке би болжап кетті ғой.

Жас баладан биің болар,
Жас балшықтан үйің болар,
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар,

—депті ғой өтерінде. Сол айтқанының бәрі келген жоқ па?… Рас айтасыз, әулие ғой олар деп іліп әкетеді.

Қазақ тарихында Мөңке есімді тұлғалар жоқ емес. Бірақ Жүсіпбек пьесасында мысалға алынған Мөңке биді кім деп білеміз. Айтайық. Ол -тарихқа шекті Мөңке би деген атпен енген адам. Сүйегі – алты арыс Әлім, оның Жаманақ (жанама аты — шекті) аталығынан. Шекті жұртында:

Сұрасаң арғы атамды батыр Бөлек,
Тірескен аспанменен бір бәйтерек.
Ерегіс, екіталай іс болғанда,
Талайлар паналаған көлеңкелеп,

—деген сөз бар. Ғасырлар бойғы шежіренің жеткізуінше, Жаманақтың Шыңғыс, Бәубек, Өріс және Мәку (Қалу) атты ұлдары болған. Осы Мәкуден (Қалудан) Бөлек туған. Арғы тегі түптеп келгенде ноғайлының Мұса ханымен Орақ, Мамай, Алшағыр, Сидақ, Қарасай, Қазилармен қандас сол Бөлек батыр Айт, Бұжыр, Шоң деген перзенттер көрген. Айттан – Қабақ, Тілеу туған. Тілеудің бес ұлы болады. Олар – Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет және біз айтып отырған Мөңке.

Мөңкенің әкесі – Тілеу Айтұлын даланың ауызша тарихнамасы да, хатталған қайсыбір құжаттар да қол бастаған жаужүрек батыр, Сайрам соғысының қаһарманы, күнде кеңес құрылған Күлтөбеде сөз алып, әз Тәуке таққа отырғанда хан көтеруге қатысқан сүйегі бүгінде Түркістан түбінде жатқан, заманының заңғары болған қазақтың қаһарман ұлдарының бірі деп жеткізеді. Тілеу Сайрам соғысында опат болғанда, кенжесі – Мөңке тоғыз жасар бала екен деседі. Осыған сүйеніп әрі кейбір мұрағат құжаттарын тірек етіп қазір Мөңкенің дүниеге келген кезі -шамамен 1675 жыл деп айтылып қалып жүр. Ал қазіргі күндері алды 9-10 атаға жеткен ұрпақтары Мөңкенің 81 жыл ғұмыр кешкенін бабадан балаға жеткізіп келеді. Олай болса, Мөңке бидің дүниеден көшкен мезгілі – 1756 жыл деп жобалауға негіз бар.

Мөңке Тілеуұлының өзі өмір сүрген заманда ел билігіне араласқан қайраткер екенін жалпы жұртшылық жазушы Әбіш Кекілбаевтың “Елең-алаң” атты тарихи романынан білсе керек. Әбілқайыр хан ордасына Тевкелевтен соң төрт жылдан кейін қайта елші келіп, соның құрметіне бас қосқан жиында “елу бидің сары ала тобының” ішінде шектінің Мөңке, Мойнақ, Мәметек, Айдаралы билерінің де есімдері аталатыны бар. Бұл -сол Мөңке.Шектінің бұрынғы, бүгінгі шежіресінде бұдан басқа Мөңке кездеспейді. Қазір оның есімі Тілеудің Мөңкесі деп аталатын бір рулы елдің басында тұр.

1748 жылы 5 қазанда Орта жүз бен Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы Елизавета ханымға хат жазғаны мәлім. “Сіздің мәртебелі құзырыңызға шын берілген Әбілқайыр хан бұл өмірден өтті, оның орнына біз мұрагерлік жолымен оның өз ұлы Нұралы сұлтанды сайладық. Біз ата салты бойынша Нұралы сұлтанды хан сайлағанымызбен, Сіздің ұлы мәртебелі патшалық жарлығыңызсыз хан тағына отырғыза алмаймыз. Сондықтан Сіздің императорлық ұлы мәртебеңізден Нұралы сұлтанды әкесі Әбілқайыр ханның орнына бас хан етіп тағайындау туралы жарлық шығаруыңызды және өзіңіздің императорлық алтын мөріңіз басылған грамотамен марапаттауыңызды адал берілгендікпен сұраймыз”, — деп басталатын осы хатқа шақшақ Жәнібек тархан, керей Наурыз би, шақшақ Қойсары, Жәлмәмбет билер, Құдайшүкір батыр, шөмекей Қыдай би, шекті Бапы би, Бақтыбай би, Айдаралы би, Есенбай би, Мойнақ би, Мәметек би және басқалармен бірге өз таңбасын басқандардың бірі – бұл кезде, біздің шамалауымызша, пайғамбар жасына жеткен осы Мөңке би болатын.

Мөңкенің ел басқару ісіне араласқанын білдіретін және бір деректі Әбілқайыр ханды өлтіру себептерін анықтау мақсатымен Кіші жүзге барған сапарының қорытындылары туралы қалдырған тілмаш Я. Гуляевтың жазбасынан табамыз. Ол былай дейді: “…Қыркүйектің 27-сі күні ханшаға (яғни Бопайға – С. Б.) Жәнібек тархан келді… Сонда ол, Жәнібек мұндағы билік ханша мен оның балаларының қолында болса, Орта жүздің билері мен батырлары бар билікті оған Жәнібек тарханның қолына бергенін хабарлады, яғни ол қандай ұйғарым айтса, басқалар соны мақұлдайды екен… Сол күні барлық әйгілі билер мен батырлар кеңесе келіп, Батыр сұлтанды шақырып келуге төрт биді, атап айтқанда шөмекей руынан – Жаилған биді, шектіден Сырлыбайды және Бапы мен Мөңкені, шайқылар әулетінен Кебек мырзаны жұмсауға ұйғарым жасайды…”

Мөңкенің әлі де зерттеліп, зерделенуге тиісті мұндай қоғамдық өмірге тікелей қатысу қимылдарынан өзге, оның бабалық батасынаң ойшыл білгірлігінің төрелік тоқтамынан әділ жауабынан өткір тілінен азаматтық арнауынан шешендік шеберлігінең болжампаздығынан түзілген біршама мұра бар. Ел арасынан жинастыру арқылы қолға түскен, бірақ негізінен ауыз әдебиетінің ауқымында жатқан дүниелерден дуалы ауыз шешеннің сөз қадірін өз қадірі деп білген парасаты сезіледі, замана ауанын аңғарған дананың алғырлығы байқалады, кешегі мен бүгінді байыптаған әділ төрешінің көсемдігі танылады, сәуегей қарттың келешекті көздеген көрегендігі көрінеді.

Ел есінде жүрген ескі тәмсілдерге сүйенсек, Мөңке бидің аталы сөздері атақты Сырым батырмен сұхбаттасу сәтінде жиірек туғаны байқалады. Көбіне Сырымның Мөңкеден бата алуы, сәлем бере келуі,

түсін жорытуы тұрғысында айтылады. Мұндай ауызекі әңгімелер екі бидің біреуін асқақтатып, екіншісін төменшіктетуді көздемейді, керісінше бұларда үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін қазақ табиғатына сәйкес, Мөңке мен Сырым бірінің сөзін бірі толықтырып, бірінің айтқанын бірі жандандырып, таратып түсіндіріп, ұғындырып жатады.

— Ертеректе Сырым батыр бес-алты серігімен жол жүріп келе жатып, Мөңке бидің ауылының үстінен түсіпті. Мұнда той қызып жатыр екен кенже баласы аяқтанып, жаңа құдалар да осында болып шығады. Жекжаттарымен қатар келіп қалған құдайы қонақтарды Мөңке өзі отырған үйге түсіреді. Астан соңғы бата беру сәтінде Сырым сөзін: “Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын”, —деп бітіреді. Бұған Мөңкенің құдасы түсініңкіремей қалып, “алты шаңырақтың іргесі ажырамасынның” сырын сұрайды. Сонда Мөңке оған “Құдай қалап, екеуміз жекжат болып отырмыз. Сенің қызың маған келін болып түсті. Ол үш шаңыраққа ие болады. Біріншісі – келген жұрты, екіншісі – нағашы жұрты, үшіншісі — өз төркіні. Сол сияқты менің ұлым саған күйеу бала болады. Ол да үш шаңыраққа ие болады: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Екі бала қосылып алты шаңырақ шығарып тұрған жоқ па? Осы алты шаңырақ аман болса, ешқашан іргесі ажырамаса, алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің аузы бір, ынтымағы берік болмай ма?” – деген екен.

Бұрынғы өткен тұлғалар әрекеті, олардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аталы сөздері оқиғасы жағынан болсын, айтылу деңгейі тұрғысынан болсын әдетте, бір-біріне ұқсас келіп жатады. Құйма құлақ естігенін ертеңге қарай жалғайтын қарапайым халық үшін бұл сөздің ең әуелі бірінші болып кімнің айтқанынан гөрі оның тәрбиелік, тағылымдық, өнегелі әсері күшті.

Мәселең Мөңкенің Сырымға түсін жорытуы туралы біз білетін бір әңгіме бар. Бұл көпке белгілі Абылай ханның түсіне ұқсас болса да, баяндау барысы мен түйінделу дәрежесі тұрғысынан Мөңке би мен оның айналасындағы адамдардың білім-білігін біршама аша алатын һашия. Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады.

Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым -біреуі де бәйгеден келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда қоян шықты. Осыны жорып берші, — дейді Мөңке би.

Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Бірақ, ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

— Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда да айтайын — дейді.—Түс – адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін бірақ оның шешуі мынадай: “40 ат дегеніңіз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екең 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетің түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар”. Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы:

— Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билейтін заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, — депті.

Мөңке биді тани түсуге жетелейтін тағы бір жайт, атақты би Мырзағұл Шыманұлының айтқан сөзінен бастау алған ой дер едік. Ол кісі кезінде: “Алдағы жүз жылдығын болжаған Мөңке би өткен бізден”, — деген екен. Иә, Мөңкенің қайраткерлік билігінен де, тауып айтар шешендігінен де дәл осы алдағыны болжай білген сәуегейлік болмысы кім-кімді болса таңғалдырғаны сөзсіз: Биден қалған асыл сөздер Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәті-

қара, Үмбетей сияқты белгілі ақын-жыраулар шығармашылығының жыраулық үрдістерінен гөрі Асан қайғының кейбір философиялық-нақылдық толғамдарына, Бұқар жырау дәстүріндегі толғаулар, ғибратты ғақлияға жақын келеді. Бір кезде елдің ертеңін ойлаған Асан қайғы:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Бабалардың дәурені тәмам болар,

— деп таусылса, Бұқаржырау:

Ай заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау түман-ай,
Істің бәрі күмән-ай.
Баспақ-тана жиылып,
Фәни болған заман-ай,
Арғымағын жоғалтып,

Тай жүгірген заман-ай,

— деп толғанса, Мөңке толғамдары да белгілі бір дәрежеде солармен үндес. Ол осы айтылғандарды қисынды жалғастырып, Асан қайғы мен Бұқар жырау бейнелеген заманға тереңдей түседі, заманның зары не болмақ дегенді болжауға тырысады. Сөйтіп мұндай мезгіл туғанда:

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар,

— деп толғанады.

Жалпы, “Кер заманның”, келер заманның кейпі, болашақтың бейнесі – Мөңке би толғамдарының негізгі, үзілмес арқауы.

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатың
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетің
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады…

— деп жалғасатын толғауының алғашқы сөзі де біз білерде: “Кер заманның кезінде…” деп басталатын. Мөңке би мұрасына ілкі ретте маңыз беріп, зерттеу аясына айналдырған белгілі ғалым, профессор Серік Негимов осы толғамды “Келер заманның кейпін кемел көрегендікпен сипаттауымен ерекшеленеді. Кесек ойлы кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялық-экспрессивтік қуат бар”, — деп бағалайды.

He нәрсені болсын алдын ала, төгілген жорға жырмен болжау -адамның білімділігіне, өмірлік тағылым-тәжірибесіне, ең бастысы құдай берген талант-қабілетіне байланысты. Болжаудың да болжауы бар, алдын ала жасалған замани жорамал кейін нақты нәрселермен заттармен

құбылыстармен сайма-сай түсіп жатса ғана айнымай келеді деп айтуға болады.

Мөңке биден қалған сөздердің өлеңдік құрылысы, өлшемі мен ырғағы үйлесімді, мазмұн жағынан қоғамдық-саяси лириканың сипаттары байқалатын сюжетсіз поэма элементтерін бойына сіңірген толғаулар. Профессор Серік Негимов айтқандай оны “суреткерлік сипатына, эмоциялық-экспрессивтік қуатына” қарай бағалаумен бірге, бұлардың импровизациялық экспромттық, идеялық-мағыналық жағына көбірек көз жіберген жөн.

Айталық, сөз қадірін білетін сарабдал жазушы Жүсіпбек Аймауытов шығармасында алдын болжаған көреген кейпінде көрінетін “жарықтық Мөңке бидің” бір шумағы сол драманың да барлық мақсат-мұратын уысында ұстап тұрғандай сезілмей ме… Мөңке бидің сөздерін қазіргідей уайымы күшейіп тұрған өтпелі заманға шендестіріп көрейікші:

Мың сан ауызда жүрген “младотюркің” мен “новоказахың” – “жас баладан биің боларға” жауап болмаса нетті?!

Төрт қабырғасы түрегеліп шыға келетін қазіргі заманның жас балшықтан илеп салынған үйлері – ағаш керегелі, киіз дөдегелі алтықанат ақ боз үйдің көзден бұл-бұл ұшқанын айтпай ма?!

Ат түгіл қамшысының қайда қалғанын білмейтін қазақтың ең жақсы көлігі – жаппай жаны темір жеңіл тұлпар болып жатқанда, бұдан 250 жылдай бүрын өмір сүрген Мөңке бабаның көліктің көкесі арбада болады деп айтып кеткеніне қалай таңқалмассың?!

Ал бизнес пен коммерция көркейетін нарық заманында, әрине, қолынан іс келетін жігіттің жақсысы ғана, сұлтаны ғана саудада жүретініне шек болмаса керек.

Тағы да Мөңке бидің “Кер заманның кезінде…” деп аталатын сөздеріне құлақ салайық.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
“Алһам” білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады…

— деп толғанған би сөзін, әрине, әркім өзінше қабылдауға хақылы; бірақ оны бүгінгі күннің тірлігінен тыс тұр деп айта алмасымыз айғақ. Астарына абайлап үңілсеңіз, жаны бар жырлар екендігі күмән тудырмайды. Мөңке бидің:

Ақыр заман халқының
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашан да олардың
Көңілінің хошы жоқ.
Бар шаруасы түп-түгел
Енді мұның несі жоқ…”

деген сөздері, болмаса:

Заман ақыр боларда —
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
“Ә” десе “мә” дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарың
Жалпылдатып шаштарың
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар,

— деп толғанғаны, қалай айтсақ та, ойлантпай қоймайды. Әдебиет тарихындағы “зар заман” кезеңінің көрнекті өкілі болып саналатын адам Шортанбай Қанайұлы екенін қазір біз жақсы білеміз. Оның шығармапарында бір кезде Бұқар жырлап, Мөңке болжап кеткен кезеңнің суреті нақты айқындала түседі. Шортанбайдың:

Әр нәрсенің болжалы,
Бірте-бірте тарайды.
Адыра қалған Сарыарқа,
Болмайын деп баянды.
Еділді алды, елді алды,
Есілді алды, жерді алды.
Енді алмаған не қалды…

— деген толғанысы Мөңке сияқты, басқа да өзінен бұрынғылар айтып кеткен ақиқаттың алдыдан шыққаны емес пе?

Сондай бір кездегі болжамнан туған осы өмір шындығын беріш Мұрат Мөңкеұлының, кердері Әбубәкірдің, басқа да ақын-жыраулардың кейбір жырларынан табуға болады. Жазу-сызу үрдіске енбеген тұстағы мұндай идеялық-стильдік ұқсастық ауыз әдебиетінің тарихи-ауыспалы сипатынан шығатыны мәлім.

Мөңке би есімі жеке-дара оқшауланып баяндалмаса да, қазақ тарихына қатысты әдебиеттерде, шежірешілер жылнамасында, ақын-жыраулар шығармаларында, кейбір зерттеушілердің еңбектерінде атап көрсетіліп жүр. Мысалы, академик Ахмет Жұбанов “Замана бұлбұлдары” кітабында Сары Батақұлы туралы очеркінде “Сарының өскен ортасы басқа қазақтың мал баққан ауылындай тек құйрық пен мүйіз санап өткендер емес, өнердің де базары болды. Аталары Мөңке би өз заманында аса тапқыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен адам болған” деп атап өтеді. Атақты Балқы Базар жырау:

Тәңірі артық жаратқан
Аузына халқын қаратқан,
Қара қылды қақ жарған
Алдынан топты таратқан —
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке алшын, би Кебек…

— деп толғанса, Сарышолақ шайыр Боранбайұлы:

Тілеудің ұлы Мөңке еді,
Алты Алашқа бас болған,
Қара мойын серке еді,
Ақылы зерек әулие,

Қиянға көңіл сілтеді,

—деп жар салады, ал оны Нұрпейіс Байғанин

Тілеуімнің ішінде
Әулие өткен Мөңке би…

— деп жалғастырады.

Ағартушылық бағыттағы кітаби ақын саналатын Нұржан Наушабаевтың “Шекті Мөңке бидің сөзі” деп аталатын қолжазбасы да бидің мұрасын насихаттауға қызмет етеді. Мұнда шығыстық нәзира үрдісі байқалғанымен, Нұржан Наушабаев “Мөңке бидің сөзі бұл” деп былай толғанады:

Құбыладан шыққан күң
Жанып шығар деп еді.
Жалғаны жоқ бұл сөзім
Анық шығар деп еді.
Балғын-балғын көлдерден,
Балық шығар деп еді.
Екі басы қайқайып,
Қайық шығар деп еді.
Қазақ, сенің сорыңа
Қырда – қоқаң ойда – орыс,
Жарып шығар деп еді…

Толғаудың баяндау мәнерін сөз болатын нәрселердің Мөңке бидің айтып кеткендеріне қолда бар дүниелермен салыстыра отырып ескеретін болсақ, мұны Мөңке бидің төл туындысының нәзиралық тәсілмен қайта жырлануы деп қабылдауға болады.

Мөңке би сөздерінің және бір жұрнағын көрнекті ақын, этнограф-ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев жинастырған ескі әдебиет үлгілерінен кездестіре аламыз. Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің сөздері деп айдарланған бұл нұсқаның көп сөздері Нұржан Наушабаев толғауына ұқсас келеді. Бірақ, онда жаңа сөздердің қосылғаны, Нұржан ақын айтқан кейбір егіз жолдар төрт жол болып толыққаны, өлеңнің буын санында да ішінара өзгерістер бар екендігі байқалады. Толғаудың:

“Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі”

деп басталуын кейінгі айтушылардың қосқаны, құлақтан құлаққа жеткенше өзгеріп, өңделіп баруы деп қараған жөн. Мәшһүр Жүсіп нұсқасында Мөңке би өзіне тән сөз саптауымен көрінген. Соның бірсыпырасы мынадай:

Қылмысы жаққан қылықты,
Алып шығар деп еді.
Қылмысы жақпас қырсықты
Екі етігі су болып,
Бір жаратқан тәңірге
Налып шығар деп еді.
Ауылдарын шу қылған,
Жаулықтарын ту қылған,
Зайып шығар деп еді.

Келіні – айғыр, кемпірі
Саяқ шығар деп еді.
Бір уысқа толмайтын
Аяқ шығар деп еді.

Бұзау, тайынша, танаға,
Жүк артылар деп еді.
Ағып жатқан дарияда,
Су тартылар деп еді.

Мәшһүр Жүсіптің Мөңке бидің сөздерін бұлайша хатқа түсіруін оның өмірбаяндық деректерімен де байланыстыра қараған дұрыс. Өткен ғасырдың бас кезінде өзі туып-өскен мекенде жергілікті билік тарапынан қудалауға түскен ақынның жырақтап, Еділ мен Жайық арасындағы қазақ ауылдарын паналағаны белгілі. Ал бұл өлкеге шекті Мөңке бидің сөзі ежелден мәлім болғандықтаң Мәшһүрдің мұны сол кезде ел аузынан жазып алуы мүмкін екендігі күмән тудырмаса керек.

Ел ішінде елес болып жүрген мұндай сөздер аз емес. Бүлар – жады мықты жандардың жаттауымен ғана бүгінге жетіп отырған Мөңке би сөздерінің бір парасы. Өйткені Мөңке бидің сөз мұрасы ішінара болмаса, бұрын-соңды тікелей қолға алынып, дәйекті жиналып, құнтталып хатталмаған. Сол себепті әр жерде айтылған естілген күйінде қалып қойған. Жазылып алынып, кейбір тектес жинақтарда жарияланып жүргендері де ғылыми тұрғыда сарапталып болған жоқ, сондықтан кейде авторлар тарапынан дәлсіздік, ішінара қайталау байқалып жатады. Бұл сөздерді жетім қалдырмай, одан әрі нақтылап, мәтіндік тұрғыда саралай түсу – ілгері күндердің үміті болмақ.

Бүгінгі қоғамымызда Мөңке биді танып білуге деген құштарлық оянғанын ойға сала кеткіміз келеді. Белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың “Шал мен шенеунік” атты жарияланымы (“Жас Алаш”, 9.11.99) осы бағыттағы оң қадам болды. Алғаш рет “қасиет қонған қара шалдың” “тап бүгінге арнап айтылған” сөздері жарияланып, автор қара магия иесі Нострадамусты ауызға жиі алғанша, табиғатынан таза түлға Мөңке бабамызға неге жүгінбейміз деген әдемі ой тастады.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қалаулысы Шерхан Мұртазаның “Абайлаңыздар!” (“Егемен Қазақстан”, 30.05.2000) атты мақаласын Мөңке бидің:

Құрамалы-жалғамалы үйің болады,
Аумалы-төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Күнде бас қосқан жиын болады,

— деген сөздерінен бастауы, өз ойын: “Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқаныныңбәрі келіп тұр”, – деп аяқтауы би мұрасына деген жалпы жұртшылықтың өзгеше ықыласын тудырды.

Сайып келгенде, Мөңке баба соңына қалдырған сөздерінде келер күндерге “кер заман”, “ақырзаман” деп ен таққанымен, мұның артының бәрі қайыр болып, түбі жақсылыққа ұштасатынын да болжаған тәрізді. Оның:

Күндердің күнінде айтарлықтай заман туады,
Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады.
Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады,

— деген ойларын өз басымыз бүгінгі қазақ баласының тарихи отанында кешіп жатқан тәуелсіз күндеріне жоримыз. Ал Мөңке бидің ата жұртындағы Ақтөбе, Шалқар қалаларында көше атының берілуі, ескерткішін орнату дайындығы – сол “күндіз-түні жарық боладының” бастамасы шығар.

Серікқали БӘЙМЕНШЕ,

Филология ғылымының кандидаты

“Егемен Қазақстан” газеті, 2000 жыл 29 қараша

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.