Тобық жұту (дәстүр, ырым).

Тобық жұту (дәстүр, ырым). Халықта қоян тобығын жұту ырымы ежелден бар дәстүр. Оның шарты тобықты жұтушы жас адам жұтар алдында:
Батыр болсам жүрегімнен шық,
Палуан болсам білегімнен шық,
Шешен болсам таңдайымнан шық,
Бақытты болсам маңдайымнан шық, —
Деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.

Тыйым (дәстүр, тәрбие).

Тыйым (дәстүр, тәрбие). «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю” (мақал).

Халқымыздың құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым, яғни тыйым сөздер. Бұл – балалар мен жастарға «жирен жаман әдеттен» дегендей жаман істерден сақтандырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан таза халықтық педагогикалық ұғым. Міне, осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің алдын кесу — әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безенудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған. Ел ішінде тыйым түрлеріне байланысты сөздер көптеп саналады.

Алтыбақан (дәстүр, ойын).

-Бәрекелді, мына қызықты қара! Мынау ауыл алтыбақан теуіп жатыр (М.Ауэзов).

Алтыбақан -ұлттық ойын болғанымен оның салт-дәстүрлік маңызы одан гөрі жоғары тұр. Көпшілік ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып ойын-сауық жасайды.Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарсын, танымын қалыптастыруда зор тәрбиелік қызмет атқарады. Әншейінде «қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазақтың қыздарын алтыбықанға жібермеуге хақы жоқ. Алтыбақанда жастар ән салып, түрлі ойын ұйымдастырып, түн ортасына дейін сауық құрады.

Аузына түкірту (ырым).

Ертеден келе жатқан ырым бойынша қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп немесе оның отырған орнына аунатып алатын болған. Оның мақсаты-сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған.

Құлақ тесу

 

Қыздың құлағын тесу-дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған (9 жас, кейде одан да ертерек) құлағын тесу үшін қыздың шешесі, жеңгелері, апалары жиналады.Құлақты уқалап, жанын кетіріп, қыздырылған жуан инемен немесе кәдімгі тарымен  теседі. Ол үшін екі тарыны құлақтың сырғалығының екі жағынан бірінің тұсына бірін дәл келтіріп уқалайды. Бір қызығы тесілгіен құлаққа қызыл иттің жүнін есіп өткізеді. Үлкен кісілер иттің жүнін өткізсе «құлақ іспейді, қотырланбайды, жара түспейді» дейді. Мүмкін мұның да себебі бар шығар. Өйткені қазынасы кең халық емдік құпиялардың да бір сырын білетін болар… Халық ұғымында қыздың құлағын тесу-оны сүндеттеумен бірдей деген қағида бар.Бұл-халық сөзі.

Сүндеттеу (салт).

Һәм оның атқа мінер, сүндет, тойы,
Тойға сойған үйінің жылқы, қойы.

(С. Торайғыров)

 

Еркек баланы тақ жасында яғни 3, 5, 7 жасында сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман елдерінде ғана емес басқа діндегі елдерде де бар. Сүндеттеудің денсаулыққа, тазалыққа да пайдасы зор. Баланы сүндеттеу-үлкен рәсім. Ол-әр ата-ананың борышы. Бұл рәсімнің «сүндет тойы» деген сияқты жөн-жоралары болады, «қайырлы, құтты болсын» айтылып,шашу шашылады. Сүндет міндеті бұрын қожа, молдаларға ғана тапсырылса, қазір оны дәрігерлер де жасай береді.Бұрынғы кезде ауқатты адамдар бала сүндеттегенде үлкен той жасаған.Оны «сүндет той» деп атайды. Бұл дәстүр оңтүстікте әлі де сақталған.

Селт еткізер (дәстүр).

 

«Ұйқыашар» дайындап өздеріне құрмет көрсетіп қызмет етіп жүрген көңілі қалаған бойжеткен қыздарға жас жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты ескерткіш сый-сияпат ұсынады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар әрине «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады.

Ұйқыашар (салт).

 

Той мереке (мыс: Наурыз, айт) алдындағы түнде қыз, келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп жақсы тағамдардан «ұйқыашар» деген тамақ дайындайды. «Ұйқыашар» қыз, жігіттердің бір – біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге себепші болған.

Асату (дәстүр).

Есет атам ет асатар,
Ет асатса бес асатар.
(Жаңылтпаш)

Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатуға тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» — деп, қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С.Мұқанов кең насихаттап, қолданып, жалғастырып отырған.
Келіп менің бата алып, көп жасағым,
Өз қолынан Сәбеңнің ет асадым.
(С. Мауленов)

Тұлым

 

Тұлым қою (ғұрып). – Сәрсеке! Көңілге солай еткен дұрыс та ғой, ләкинде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М.Дулатов). Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны «тұлым» деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.