Кекіл (ғұрып).

Қарағып, айналайын, кекілім-ай,
Көгілдірі аққудың секілдім-ай.

(Халық өлеңі)

Жас балалардың шашын ұстарамен алып тастайды да маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны «кекіл» дейді. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді.
Кекіл жылқыда да болады.
Кекілін кескен кер атым-ай,
Титтейден өскен бекзатым-ай.

Айдар

Айдар (ғұрып).    Тұлымдысын тұл қылды,
Айдарлысын құл қылды.
(Қобыланды)

Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Мұны – «айдар» дейді. Бұрын ел ғұрыпты көп қолданған. Мысалы: Кенесарыныңінісі атақты Наурызбай батырдың айдары болған. Балаға айдар деп те ат қойылады, ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады.

Шаңырақтың шаттық тойлары

Әр шаңырақтың қарапайым, салтанатты түрде атап өтетін мереке, тойлары бар. Олардың кейбіріне көп қонақ шақырылса, кейбіріне ең жақын туған-туыс, көрші-көлем ғана келеді. Той – қуаныш-қызықты бірге бөлісу үшін ағайынның басын қосу, туған-туысты ынтымақ-ырысқа шақыру, өзара қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау. Алайда мал-мүлік шашып, атын шығару үшін көл-көсір той жасау – астамшылық, ысырапқорлық. Тек, Аллаһ Тағала әр шаңырақты «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті-ау, қанша адам!», — деп ақын жырлаған өкініштен сақтағай!

Толық оқу

Көгентүп (Көгендік)

Көгентүп (салт). Туыс, ілік, жұрағат адамдардың қонаққа келгенде оның баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал: (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауылдардың әлі де пайдаланып жүргені жақсы, жарасымды салттарының бірі.

Енші

Енші (салт). «Оған бай қалың беріп, қатын әперді де, кейін енші беріп бөлек шығарады» (С.Мұқанов). Балаларды ержетіп, жеке үй болғанда ата – анасы оған отау тігіп, дүние – мүлікті «жасау» дейді.

Жеті ата

Жеті ата (дәстүр). Жеті атасын білмеген – жетесіз (мәтел). Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған. Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғыадамдар бір – бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.

Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. Оның дәлелі: «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ даналығына тоқталсақ, әр адам өзінен кейінгі баласының, немересінің, әрі кетсе шөбересінің, атын білер. Одан ары білу үшін адам 100 жылдан астам өмір сүруі керек емес пе? Ал, ғасырдан аса беретін адам бар ма?

Олай болса жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата. (Ата-тек деген сөз осыдан шыққан сөз). («Жеті қазына» 34 бет. 2001ж.).Мысалы осы кітапта жазушы өз жеті атасын былай таратады: Сейіт-Кенжеахмет- Құттыгелді- Нұрет-Байтоғай-Аманбай-Дербісәлі-Солтан (жетінші ата) Таңғұлы-Жылқайдар (ру аты, ол Арғынға жатады). Жеті атаны тарату осылай жіктеледі.

Ашамайға мінгізу

Ашамайға мінгізу (салт). Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – осы ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады. Жас бала есі кіріп 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенімін ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді. Осы қуанышты сәтте баланың атасы:

Ал ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал білек,

Атқа да жақсы шаба біл,

Жасыңнан малды баға біл,

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл,

Атқа міндің, ақ жол болсын —

деп бата береді.

Ақ тілекті аналар шашу шашады. Басқа балалар тайға

мініп жарысады. Аяғы шағын тойға ұласады.

Тілашар

Тілашар (дәстүр). Тілашар тойына арнап шашу шашады. (Қазақ халқының салт – дәстүрлері). Әр отбасы баласы 7 жасқа толған соң медіресеге, мектепке оқуға береді. Бұл да бала өміріндегі елеулі оқиға, есте қаларлық елеулі кезең болып табылады. Осы күні балаға жаңа киім кигізіп, оқу-жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны дәстүрлі «тілашар» тойы деп атайды. Үлкен-кішілер балаға өсті, азамат болды, «ғалым бол» деген сияқты тілек білдіріп бата береді. Жаңа киіміне байғазы, тағымдар ұсынады. Бұл тәрбиеден бала өскендігінің белгісін сезінеді, оқуға құмарлығы артады. Жақын – жуық адамдар баланың ата – анасына құтты болсын айтып, балаға сәт-сапар тілейді.

Бәсіре

Бәсіре (дәстүр). «Жастайынан бағып ем, Бәсіре ғып торы тайым» (Х.Талғаров). Бала туған кезде немесе есі кіріп, оң – солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепте барғанда атасы немесе өз әке – шешесі оған тай атайды. Оны «бәсіре» тай дейді. Бала оны ерекше күтімге алады, бағады, үйретеді. Және сол арқылы мал бағуға, еңбекке үйренеді. «Бәсіре» атау баланың көңілін өсіреді, өмірге бейімделеді. Өз қатарына «бәсіре тайым бар» деп мақтанып, өсіп жүреді. Мұның бәрі баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы.

Бастаңғы

Бастаңғы (салт). … Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп бас қосады. (К.Сегізбаев). Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі – жастардың сол үйде ойын — сауықта бас қосуы.Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.