Байғазы

Байғазы (дәстүр). – Уа сатира сарбазы, Адырнаңа байғазы! (С.Әбілкәкімов). Байғазы балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы: қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ. Жеңгелері, шешелері «байғазыға байдың қызы» деп те атайды. Байғазы балалардың көңіл – күйін көтеретін дәстүр.

Базарлық

Базарлық (дәстүр). «Күйеуінің базарлығы екен ғой, — деді Ақбала ішінен» (Ә.Нүрпейсов). – Алыс сапарға саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші – көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі – ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

Тұсаукесер

Тұсаукесер (салт).

Тұсауыңды кесейін,
Күрмеуіңді шешейін

(Тұсаукесер жыры)

Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата – анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар.

Мысалы:
Қаз – қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы, тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз балам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!

Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

Асырап алу

Асырап алу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн – жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке – шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан бетер жақсы көреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке – шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.

Сатып алу

«Сатып алу» (салт, ырым). Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы турмаса, онда одан кейін туған баланы «сатып алатын» ырым бар. Бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер кемпір әлгі үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата – анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір – екі күннен кейін баланың әке- шешесі әлгі кемпірге барып «бала сатып алады». Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала «сатып алынған» бала болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады. Бұдан шығатын қорытынды қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенінен – ақ аңғаруға болады.

Бауырына салу

Бауырына салу (дәстүр). «Ғайнижамалды қырқынан шыққан соң – ақ бәйбіше Жәкіштен шығарып, бауырына салып, асырап алды. (Т.Жомартбаев). Әдетте қарт аталар мен әжелер алғашқы немересін немесе жақын кісілер өз туыстарының     баласын қолына алып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді, қолқанат қылады. Мұны «бауырына салды» дейді. Бауырына салушы адам баланы өз ата – анасынан ажыратпайды. Баланы екі үйге де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне өте көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, халықтық жақсы қасиеттерді олардың бойына сіңіруге зор ықпал жасайды. Бала ержеткеннен кейін өз отбасына оралуына немесе бауыр басқан үйінде қалуына еркі бар.

Иткөйлек

Иткөйлек (салт). Иткөйлегі жоқ. Өзім тігіп біріп едім. “Ә.Нүрпейсов”. Жана туған нәрестенің алғашқы көйлегін “иткөйлек деп атайды”. Өйкені ол кәдімгідей көйлек сияқты тігілмейді, жөрмелеп, іліп қана тігеді. Бала қырқынан щығарылғаннан кейін әлгі көйлекке тәтті түйіп оны иттің мойнына байлап жібереді. Итті балалар қуып жетіп, шақырып, ұстап, тәттісін боліседі. ”Иткөйлекті” баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.

Иткөйлек атының шығуы оның иттің мойнына байлағанында емес, халық итті “жеті қазынаның” бірі деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге “баламыз көп болсын” деп, “қиындыққа берік болсын” деген ырым бар. Қазақта итжанды деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін айтқаны.

Қырқынан шығару

Қырқынан шығару (салт). «Баланың қырқынан шығар тойына Сегіз сері шақырылып, одан балаға ат қойып, бата беруді өтінеді» (Н.Әбдуалиев). Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы “Жеті жарғы”, ”Жеті қазына”, “Бір тоғыз”, “Үш тоғыз”, “Қырықтың бірі-қыдыр”, деген қағидалар бар огсы сандық ұғымынан пайда болған. Соның бірі- баланы “қырқынан шығару” дәстүрі. Әдетті баланың туғанына қырық күн толган соң оны ыдыска қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап қойады. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың, сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.

Толық оқу

Тымаққа салу

Тымаққа салу (салт). Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді).

Тыштырма

Тыштырма (дәстүр). Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп «тышты, тышты» деп ырым жасайды және оны «тыштырма» деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларыны үлестіріп береді.