Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі
Ардақты ағайын!
Қадірменді қонақтар!
Ханымдар мен мырзалар!
Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесімен – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Иә, бұл мереке – ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке.
Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз “Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас” деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.