Бір ғалымды Аллаһтың бар екендігіне сендірген жеті себеп

Нью-Йорк ғылым академиясы төрағасының бірі болып қызмет еткен А. Гресси Моррисон (A.Gressy Morrison) өзінің ғылыми зерттеуінің нәтижесінде Аллаһтың бар екендігін мойындап, өзге де әріптестеріне Аллаһтың бар екендігіне сендіретін жеті себеп атты мақаласын жариялады. Гресси Моррисон: «Ғылым мен технология құдіретті Жаратушының заңдылықтарын біртіндеп ашуда. Ғылыми жетістіктер көбейген сайын Аллаһтың бар екендігі дәлелденіп, Оған сенуге мәжбүр болудамыз. Мені мына жеті себеп Жаратушының бар екендігіне сендірді»,- деді.

Толық оқу

Аушадияр

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сәні, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірке әкелген көп жасағыз жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп, ұмыт қалған.
Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады.

Аушадияр — бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата –анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр –екі дер,
Ержеткеннің еркі дер.
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер…
Аушадияр — төрт болар,
Қыздың көркі өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.

Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет-салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де еске түсер еді.

Жар-жар

Жар-жар (ғұрып). Ұзатылған қыз тойында қыз-жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, бара жатырған жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан «Жар-жар»қызықты болып естіледі. Мысалы: «Жар-жарды»жігіт былай бастайды:
Алып келген базардан,
Қара насыр, жар-жар-ау.
Қара мақпал сәукеле,
Шашың басар, жар-жар-ау!
Мұнда әкем қалды деп,
Қам жемеңіз, жар-жар-ау!
Жақсы болса қайны атаң,
Орнын басар, жар-жар-ау.
Қыз былай деп жауап қайтарады:
-Есік алды қара су,
Майдан болсын, жар-жар-ау.
Ақ жүзімді көргендей,
Айнам болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді-ау,
Осы қазақ, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей,
Қайдан болсын жар-жар-ау.

Неке қияр

Неке қияр (ғұрып). «Ауылнаймын, немесе қағазсыз неке қыймаймын, жаназа оқытпаймын, -деп Көдебай бір дікілдейді» (Б.Майлин). Неке — қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны «ақ неке» деп ардақтайды. «Ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшілік алдында жасалады. Қосылған бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Ауыз әдебиетінде неке қияр кезінде айтылатын куәлік сөз бар. «Неке қияр сөз» деп неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл әнмен айтылмайды. Бірақ өлеңше ұйқасқан, дәйім бір қалыпты айтылады. Мысалы:
Куә, куә, куәдірміз,
Куәлікке жүрәдірміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.

Пәленшеден жаралған (әкесін айтады), пәленшеден туған, (шешесін айтады), пәленше қызды, (қызды айтады) халал жұптылыққа қабыл көріп алдыңыз ба?
Қызға айтқанда да бәрін осы қалыпта айтып, аяғында «пәленше халал жұпты
Болдыңыз ба?» дейді (А.Байтұрсынов).
Осы сөздерде келтірілгендей жігіт те, қыз да жұпты болғандығын өз аузымен мақұлдайды. Содан кейін екеуі неке суын ішеді. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі-зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді.
Шариғат бойынша қалыңдық екіқабат болса неке қиылмайды, ол босанғаннан кейін қиылады. Жеті атаға толмаған қыз, жігіт некеге отырғызылмайды.
Неке туралы ислам дінінің өз заңы бар. Кейде өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі халықтары қыз алысып, қыз берісіп жатады. Бәрі де ислам қауымынан болғандықтан мұндай некеге рұқсат етілген. Егер қазақ жігіт орыс қызын алатын болса, ол әйел мұсылман дініне кіріп, тілін салт-дәстүрін толық мойындайтындығы туралы уәде беріп, оны орындауы керек. Некеге сонда ғана рұқсат берілген. Мысалы, орыс қызы Мария Рыкина қазақ жігіт Дүйсенге шығып, олардың сүйіспеншілігінен «Дудар-ай» деген ғажайып ән туды. Олардың есімі бүкіл қазақ еліне аңыз боп тарады. Ақын Х.Бекхожин бұлар туралы дастан жазды. Қазақ-орыс арасындағы мұндай неке бұрын да, қазір де бар.

Қыз ұзату

«Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондыру»-ата-ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату-үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны-қыз өсіреді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны-әрине қимастық көңілі.
Қызды алуға құда (тақ санымен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын-
сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады.
Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар- жар», «Ау-жар», «Аушадияр» айтылады.
Сонда құда аттандырар кәдесі беріледі.

Сыңсу

Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу» (Күйеу келтір, қыз ұзат» жинағынан). Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.
Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер,
Сағындырмай, туысқан-
деп өзінің өтінішін де айта жүреді.
Қыздың сыңсыуы — жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап, сыңсыу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.

Қыз танысу

Қыз танысу (дәстүр). «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржыңшыл» (Абай). Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар бұрын жеңгесін ертіп туған-туыстарын аралап көрінеді. Мұны дәстүр бойынша «қыз танысу» дейді. Қыздың барған үйі оған құрмет көрсетіп, жақсы тілектер тілеп, бағалы киім, дүние-мүлік, жақсы тағымдар беріп аттандырады. Бұл бұрын халық арасында өте жарасты дәстүр болып қалыптасқан.

Сүт ақы

Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкеі «сүт ақы» деп аталады.
Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.

Жігіт түйе

«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.

Қапқа салар

Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол- жоралғыларымен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Той басталады. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер-тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой-беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.