Құмар баба мен оның ұлы Баба Түкті Шашты Әзіз

…Аланның мақамы ғажап мақам дүр,

Ол мақамды білуге басшы керек.

Тарихаттың басына жақсы керек,

Осы жолда серттен таймас серке керек.

Ондай көсем жұмақта сайран қылар.

(Құл Қожа Ахмет «Хикметтер», 59-хикмет).

Табиғаттың аумалы-төкпелі адуын мінезі секілді кейде адамзат жан дүниесінде де ауық-ауық буырқанған кезеңдер болып өтеді. Дауыл дүрліктірген теңіз бетіндей тау-тау толқын жылдар сананы сапырып, кейде құрдымға бастап, кейде оқыстан әлде бір бейтаныс жағалауға шығарып тастайды. Мұндайда сергек рух қана шағаладай шарқ үрып, тыным таппайды. Олар қонар тұғырын іздейді. Рухы бастаған бүкіл халық шиыршық атып талпынысқа түседі. Ол болашақтың қамы, ол — бүгінгі ізденіс, ол — жан дүниесінің талпынысы. Адам жаны талпынбай, тыныш өмір сүруге жазбаған. Ол шындық жолы! Мынау ғаламдағы орны! Көңіл орнықпай байыз табу мүмкін емес. Өйтпейінше хайуанша күн кешпек. Бұлғақ аңсаған рух бұған көнбек емес. Бұл аласапырандағы Адам-Тәңірі — Құдай — Рух — жан — дүние, мына өмір мен ана дүние, беймәлім үрейлі де тылсым, әлі күнге дейін ешкім оралмаған бақи әлем. Осы дауылды теңізде алдан жылтырап көрінер бағдаршам болғаны игі! Сол бағдарыңнан, сол үстап қалған сәулеңнен айырылмасаң жан тыныштығы жайланар жағалау, шарқ ұрған әлгі шағала-рухтың тұрақтап қонар тұғыры да көріне бастауы кәміл.

Осындай дүрбелең шақты ұлы дала бастан талай кешірген. Бірақ, бұл жолы бүкіл болмысымен еңсесін тік көтеріп, алыстағы аңсар көкжиегіне жазбай танып иек артқан сияқты.

Бауыр еті — баласы Шашты Әзіз енді бір жола ислам жолына түскенше Құмар баба не бір қиын ішкі жан күйзелісін бастан өткергені хақ. Сенім-нанымды өзгерту ең ауыр нөрсе. Сеніміңнен айырылсаң нең қалады? Енді байқаса сол сенімнің өзі де жүрекке жол тапқанда ғана берік болмақ екен. Құмар жабғы Ысқақ хазіреттен хат алып, оны оқып, дінін өзгерту, жаңа дінге кіру жөнінде көп ойланған деседі. Ел аузындағы аңызда тіпті дала кезіп, жаны жай таппай көп сенделіп, әулие-әмбиелерді аралап, ата-баба басына барып, олармен тілдескен екен дейді. Өткен — ұстаз! Олар бірақ тіл қатпайды. Ілуде бір аян беретіні болмаса. Тірі адам өз ұрпағының қамын өзі жер болар. Ұрпақ мықтылығы сенім мықтылығына байланысты. Мың жаңа діннің әуезі бөлек, бірақ жүрекке жылы сияқгы. Ең бастысы Алла сөзі деп айтады. Кітап сөзі Алладан.

Толық оқу