Қара жығу

Қара жығу (салт). «Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді… Ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады».(М.Әуезов). Кісі қайтыс болған күні тігілген қараны жығу салты тағы бар. Ол жылы беріліп, ас өткен соң жасалады. Яғни қара жалауды алып, сындырады да отқа жағып жібереді. Бұдан кейін жақын – жуықтары, әйелі, балалары, елдің ақсақалдары құран оқып, бата береді. Соңғы жоқтау айтылады. Тұл аударылады. Бұл, қаралы жыл өтті, азалы күндер аяқталды деген сөз.

Толық оқу

Тұл аудару

Қайтыс болған адамның жылы өтіп, асы берілгенсоң, оның жыл бойы қара жамылып қайғырған отбасы әдеттегі өмір тіршілігіне араласуға тиіс. Бұл «тұл аудару» салты арқылы жасалады. Қара жамылған соң, марқұмның киімдері оңына қаратылады. Ер – тұрманы ең жақын досына не болмаса мұраға беріледі. Әйелі, қыздары бүркейін алып, жақсы киімдерін киюге рұқсат етіледі. «Тұл аудару» салтына марқұмның ет жақындары, балалары, сыйлас – бастас адамдары қатысып, дұға оқылады, бата жасалады. Ақсақалдар үй —  ішіндегі адамдарға, әйеліне, балаларына ақыл айтып, жақсы тілек білдіреді. Сол күннен бастап, отбасы адамдары «өлгненнің соңынан өлмек жоқ» деп қызықты өмір тіршілігіне кірісіп кетеді.

Ас

        Ас (ас беру) (дәстүр).  Асқа, тойға баратұғын,
        Жаны асығып жас жігіт.
                                                                 (Абай)

Қазақ халқының ертеден келе жатқан ең үлкен тойы – ас беру. Бұл – дүниеден -өткен ең белгілі адамдардың жылы толғанда, оған жасалатын ақырғы зор құрмет және ұлы жиын, бас қосу. Аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы шақырылып, жүйрік аттар келеді. Асқа өте зор қаржы, мал жұмсалған. Жеңімпаздарға зор бәйге тиген. 1860 жылы Ерден Сандыбайұлына Ерден көлінде ас берілгенде… 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бәйгесі 100 жылқы болған… Осы Ерденге осындай қылып үш рет ас берген. Үшеуіндегі шығын барлық жолы 1860 жылқы, 600 қой… 1000 саба қымыз болған. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе берген… 1874 жылы Лабақ Қуат баласының асы болған. 300 жылқы, 500 қой сойылған. Жүз атқа бәйге болған. Асқа 700 үй тігілген (С.Шарипов, 2 томдық шығармалар жинағы, 2 том, 295 – 296- беттер, А – 1982 ж.). Мұның сыртында шақырылғандар аруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, бірліктілігі сынға түседі.

Толық оқу

Жерошақ майлау

Жерошақ майлау (салт). Қайтыс болған белгілі адамдарға ас беру ежелгі дәстүр. Бұған күні бұрын үлкен дайындық, ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі, сауын айтылады. Ас болатын күннен бір – екі күн бұрын дайындық жайын тексеріп, қорытындылайтын мәжіліс болады. Бұл үлкен тойдың ақырғы, қорытынды сәті. Бұған арнайы бір мал сойылып, ас алдындағы шағын бір той өткізіледі. Той өткізушілер бірауызды болуға, ел намысын қорғауға шақырып, бәтуаласады. Жерошақ майлау дегеніміз осы.

Шек беру

Шек беру (дәстүр). «Қазаққа ислам діні арқылы кірген мейрамның бірі – шек беру» (А.Жүнісұлы). Ораза және құрбан айттары алдына мал сойылып аруақтарға бағышталатын дұға. Шек беретін үй бұған жақын – жуық, қарт адамдарды шақырады. Мұнда олар ата – аналарын, өздері білетін аруақтарды еске алады, олардың есімдері аталып, құран оқып, қол жаяды. Бұл дәстүр әлі де сақталып келеді.

Аруақты еске алу

Үші, жетісі, қырқы және жылын беру. Ересек адамдар қайтыс болған соң жетінші қырқыншы күні аруақ еске алынып, аталып өтеді. Еліміздің кей жерлерінде үшінші (үші), жүзінші (жүзі) күндері де аталады. Арнаулы мал сойылып, алыс – жақыннан ағайын, жақындары келіп дұға оқиды. Бұрын келе алмағандар мал әкеліп, бата қылады. Жоқтау айтылады, аруақың жақсы істері, қасиеттері әңгіме болады. Кейінгі ұрпақтарына, жақындарына тілектестік білдіреді.

Адам қайтыс болған соң бір жыл толғанда оның жылы беріледі, дұға оқылады. Бұл марқұм көпшілік болып жасалатын соңғы құрмет. (Бұдан кейінгі еске алуды отбасы өздері жасай береді). Жылынан соң қаралы үй қалыпты жайға көшіп, қызықты өмір тіршілігіне араласады.

Мұндай рәсімдер сәбиге жасалмайды. Жасалған күнде де отбасы болып атап өтеді.

Бұрын ауқатты адамдар пайғамбар жасына келген атақты әкелеріне жылы толғанда ас берген. Ол үлкен жиын, той ретінде аталып өткен.

Баласы Шашамбайдың Рахмет,

Айтыпты қос мергенге біраз тілек.

— Әкемнің асын тойға айналдырған,

Сендерде туған елім бар құдірет.

(С.Тұрғынбеков)

Тұлдау

        Тұлдау (салт). «Орта жүздің ішінде Атымды тұлдап байласын»(М.Ж.Көпеев). Қайтыс болған ер адамның мінген атының жал – құйрығын кесіп (күзеп емес) «жануар, о дүниедегі иеңнің жолына құрбандыққа шалын» деп бос жібереді. Ол ат мінілмейді, иесінің жылына сойылады. Мұндай жылқыны «тұл ат» дейді. Сол сияқты қайтыс болған адамның киімдерін астарын сыртына қаратып іледі. Ер – тоқымын ешкім пайдаланбайды. Әйелі сақина, сырға салмайды, оны «қаралы қатын» дейді, басына бүркей жамылады. Мұндай жай «қаралы», деп аталғанмен қазақ қара жамылмайды. «Қара жамылып» деген сөз айтуда болғанмен істе жоқ.

Підия

           Підия (діни рәсім) «- Кәне, підияға кім шығады?» (Ш.Мұртаза).
           Қайтыс болған адамның өтей алмай кеткен борышы, бере алмай қалған қаразы немесе кінәсі болса, оны өтеуге берілетін төлем ақыны – «підия» — дейді. Ислам шариғаты бойынша ол жоқ – жітік, жетім – жесір, кемтар немесе мүсәпір адамдарға беріледі.

Дұға ( құран) оқу

Дұға (құран) оқу (дәстүр). «Там тұсынан өте бере атын аяңдатып, дұға оқып, бетін сипағаны сол еді…» (А.Нұрманов).

Марқұм болған ата – бабаларының, туған – туыстарының басына барып, дұға оқып, еске түсіру зор адамгершілік парыз. Олай болса марқұмдарға құрметпен қарау адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге әр адам сапар үстінде келе жатқанда жол үстіндегі қорымдарға тоқтап дұға оқып бет сипап өтуі шарт. Егер адам асығыс болса жүрісін баяулатып құран оқуы керек. Бұл адамгершіліктің, тірі адамның аруақтарға құрметі.

Қазақ даласында аты аңызға айналған әулиелер көп. Олардың қабырғалары тұсынан дұға оқымай өтуге болмайды. Мысалы, Шалқардағы Есет батырдың бетіне дұға оқымай өткен адамның жол болмағаны талай рет дәлелденген шындық.

Бата оқыр

Бата оқыр (салт). «Бата оқырын қалай жасасын дейді»(М.Әуезов). Қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен ілік – жұрағаттары арнайы келіп бата қылады.Оның мәнісі – қайтыс болған кісінің әруағына жылқы, сиыр, қой сияқты сойыс әкеледі немесе қазіргі жағдайда ақша береді. Дұға оқытады. Бұл сыйласудың әрі қарасудың белгісі ретінде негізделген. Дәстүр бойынша адамы, туысы қайтыс болған адамдарға үйіне әдейі барып көңіл айтады, ет жақындары бата оқыр жасайды. Жақыны қайтыс болған адамды далада кездестіру үлкен ұят саналады. Мұндайда әлгі адамның өкпе айтуға хақы бар. Бата қылу – сыйластық пен адамгершіліктің, жақын көңілдің белгісі ретінде қалыптасқан ғұрып. Мысалы: М.Әуезов Құнанбайдың Бөжейдің бата оқырына барғанын «Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады. Және азаға салғаным деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды» деп жазған.