Атам Қазақтан бастап келе жатқан салтымызды осылайша ырым қылдым. Екі азамат сен үшін қып-қызыл шаттаққа дейін барып жатса, қалай сырттан бақылап қарап отырайын, сондықтан сіздер де кешіріңіздер оқырман қауым. Екі азаматтың да дауының басы; «Дайрабайдан қалған көк сиырға» ұқсайды. Сол көк сиырды «атамнан қалған сарқыт қой» -деп егеленіп жүрген қазақтың бірімін. Оның да себебін алда түсіндіре жатармын.
Әңгімеге негіз болған; «Абай уаһһаби ма?» деп аталып Әзірет Барболдың жалаларына жауап деп, Қайрат мырза өзінің жоғарғы дәрежелі дін ғалымы ретінде газет бетінде уақыттарының қымбаттығына қарамастан, жауап пікір таласқа келуі мен үшін үлкен мәрхамет. Сондықтан екеуі де «Мен» үшін дауға түсті деп сауға сұрап дауға сұрануымның мәнісі осы. Мен үшін деп отырған себебім де, бірі сауатсыз атанғандардың қатарынан және бұндай істер әдет-ғұрпымызда болған деп, пікір айтып жатқан қара халықтың қан сонардан із кескен аңшының немесе жолға шығып қай бағытқа қарай жүрсем екен деген жолаушының кейпіне түскен, үкіметіміздің құзырлы орындарымен заңды түрде сотталып; «ит жеккен жаққа» емес «күл төккен жаққа» айдалуға дайындаған «Ата жолы, Ақ жол» атты топтың негізгі басты орындаушысының, ұйымдастырушысының бірі болып табыламын.
Қанша іргелі ғылымдардан хабардар болып, есептің түр-түрін шығарып кезінде озаттар қатарынан табылып, елге қызмет жасап, әр түрлі мамандықты және қиын кәсіптерді меңгергенмен, Нұр Мүбарак университетін бітірген немесе Арапша жүргізіп оқу дәрежесіне жеткен, шетел асып дін оқуларын бітіріп келгендердің алдарында «сауатсызбын». Шындығында, Қайрат мырзаға қарағанда арап тілінен әрпін танығанмен, задын білмейтін мүлде қараңғы соқырдың бірімін. Сондықтан да менің пір тұтатын тілмашым Халифа Алтай атамыз болса, қалған дінім де, ділім де қазақтың өзімін.
Қош! Мақала барысында екі адамның арасында ғана болатын әңгімелер бар екен, оған тоқталмаймын, Өйткені, сауатсыз болғанмен әйтеуір мұсылманмын және Әзіреті Сұлтан бабамыз; Біреу сені жамандаса, көңілді бол-деп күнәсінің төгіліп, жақсылыққа жететін ескерткен. Ал Құранда да сондай үкім бар. Мүмкін Әзірет Барболдың Қайрат мырзаға жасаған бір сауабы болар. Енді мені толғандырған мақаладағы; «Үшіншіден мен оқырман сауалдарына берген жауаптарымды исламның классикалық қайнар көздерінен пайдаланып дайындағанымды сен білмесең жұрт біледі. Күрделі сұрақтарға жауап ретінде жазылған бір ғана «Дін мен діл» кітабымды жазу барысында сексенге жуық, әрқайсысы ондаған томдардан тұратын исламның классикалық Қайнар көздерден тұратынын сен білмей-ақ қой, оған әр ісімді бақылап тұрған Ұлы Жаратушым мен бөлмемнің бүкіл қабырғасын жауып тұрған жеке кітапханам куә».
Олай болса; Қайрат мырза, сіздің қазақ елінің дін істерін жүргізудегі басты танымал тұлға екендігіңізге шүбәм жоқ және көп еңбегіңіздің оқушысы ретінде Әзірет Барбол ағайыным үшін мен кешірім сұрайын. Жұмсақтық – мүміннің басты белгісі ғой. Ол да, мына негізінен мен сияқты қараңғы қазақтың мүддесін қорғап шырылдап жүр. Бүлдіріп жүрген мына біздерміз. Жеті жылдың көлемі болды, сауатсызсыңдар деп бүкіл баспаханаларда өздеріңіз де есіктеріңізді жауып алғасын, анда-санда шаң басқан қағаздарымды тесіктерден тықпалап, сіздерге аруақтың шаңын апарып түшкіртіп, Мұса пайғамбардың таяғын, Сүлеймен пайғамбардың қамшысын, Дәуіт пайғамбардың үнін салып, шариғат негізі – ақиқатта, ақиқат – қазақтың бес таңбалы теріге жазылған кітабында деп, «науша» жасқа келсем де, аруақ десе үйде отырып делебем қозып, тақымын қысатын, көптен бері түрткілеп мазаларыңды алып жүрген тазша бала өзімін.
«Таздан – жарғақ бас туады, кедейден – мал бақпас туады, ай қасқадан – құла төбел туады» деп аталарымыз бекер айтпаған-ау шамасы. Сырдың бойында туып, масасына таланып, ақсақалдардың қолына су құйып, сарқытын ішкеннен болар, керек болар деп ескінің бәрін тастамай сіздерше «бүйректен сирақ шығарып», мазаларыңды алып жүрген жайым бар. Жастайымнан мал бағуды меңгеріп, өсе келе сөз аңдитын, сөз бағушы болып алдым. Енді қалай сөксеңіз де ата-баба аруағының алдында жаным пида. Сондықтан сіздің «күрделі» «классикалық», «том томдаған» ойларыңызбен (егер де жекешеленуге кетіп қалмаса) Ұлы жаратушыңыз Раббыңыздан ұлықсатын алыңызшы? Сауалдарым сауатсыздау болса алдын-ала кешірім өтінемін! Біріншіден; Ислам классикасында жаратушы мен жаратқанның сипатын қалай түсіндіреді. Сол сізді де, мені де жаратушы жаратылуымыз үшін жаратқанды жаратыпты. Жаратқанды «Бір» деп жаратушыны «Жалғыз» деп, Алла жар бол деп қысқартып, аруақ қолда (аяқта емес), оң қолдағы 18 санымен, сол қолдағы 81-ді айтамыз. Ортасы 63-пен беріліп сіздің кітапханаңыз сол 63-тің ішінен қағазға түсірілген. Тек күмәнді жері құраннан алшақ кеткен жері болуы даусыз. Құранда да санмен солай көрсетілген.
Оның орындаушылары сіздің де біздің де Раббыларымыз екен. Әрине, сіздің арап тілінің маманы ретінде күрделі сұрақтарды «шемішкеше шағатыныңызға» шүбәм жоқ. Екіншіден; арап тілінің классикалық маманы ретінде тікелей классикасын Абай атамыздың орыс классиктерін қазақтың бай тіліне, ұшқыр ойына қауыштыра білгендей «пәлсәпалық» еңбектеріңіз де бар шығар? Бұл сұрақты қою себебім; Халифа Алтай атамыз арап тілі маманы ретінде араптардың өзін мойындата біліп, құпия сөздерді қазақтың бай тіліне жақындата білген және грамматикалық, тыныстық белгілерімен әрбір сөздің баламасын жеткізуге тырысып берген қасиетті кітаптың аудармасы мен үшін баға жетпес сый. Сондықтан қазақтың қара халқының атынан шексіз ризалығымды білдіріп; «Жаны жаннатта болсын» деп үнемі еске алып, басына барып тағзым етіп, зияраттап құран бағыштауым парызым деп білемін.
Сіз сол аударманы мойындап, болмаса арап тілінен ол кісіден де өздеріңізді жетікпін деп санайсыздар ма? Ол кісі арап классикасынан сіз сияқты көп ізденбеген және дайын тәпсірлерді пайдаланып кіші серік қосылған түсіндірмелерді пайдаланған. Оған қандай уәжіңіз бар? Әзірге ешқандай еңбегіңізден кездестіре алған жоқпын. Және менің сауатсыздар тарапынан сіздерге деген өкпем қара қазандай. Құранның бір әрпі немесе басқалай сөзін өзгерту – зұлымдық, күнә болып табылады деп өздеріңіз мысалдар келтіріп айта беретіндей, сол Құранда неге кешірілмейтін баспадан (аудармашыдан емес) қателік кетіп, оны екі он жылдан бері араларыңыздан бірде-бір ғалым, сопы Құранды қорғаушы қазақ шықпаған?
Негізінен Меккелік араптарды ар сотына тартуға болатын қылмыс! Тағы қынжылғаным мақалада Абай атамызға сүйеніп; «Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз..» Абай бұл жолдарда аят пен хадиске қарсы келудің күпірлік екенін, әрі құран аяты мен пайғамбар хадистерінің сөздердің ішіндегі ең қастерлісі екенін, әрі олардың қисынымен қиысатынын жеткізген.». Кешірерсіз, бұл сіздің пікіріңіз. Аяғына дейін түсініп оқымай діни әдеттеріңізге басып Абайға жала жаптыңыз Қайрат мырза! Абай атамыз аят хадис емес дегенді астарын айналдыр, сонда хадистің бәрі аят емес ішінде жалғаны аятпен қабыспайтыны бар, абай бол күпірлікке түсіп кетем деп ақылды тұмшалама, қатесін ізде деген сияқты. Сондықтан сіздің Бұхари атамыздан берілген хадистерге сүйенетініңіз бір жағынан қуантады. Өйткені, Бұхари атамыз алғашқылардың бірі болып 92 санмен белгілеп, тек санмен берілген хадистерді пайдаланған. Бірақ сол кездегі білім, ғылым деңгейімен дұрыс келгенімен, бүгінгі таңда аяттардың сандық мәнінен мүлт кеткен жерлері көп. Сіз қалай ойлайсыз? 92 санымен нені меңзеген? Тағы Ясауи бабамыздың еңбегін зерттегеніңізді мақтан етеді екенсіз. Сондықтан да неге әрбір хикметтерді санмен белгілеген қандай мәні бар? Негізгі жобасы, ғылымы неше бөлімнен тұрады? Өзіңізге ілімділігіңізге берген бағам бойынша ишандық дәрежеден көп болмаса кем емес сияқты.
Ясауи бабамыздың бағасы бойынша ишан екі жанды меңгеруші екен. Бірақ мен сол ишандық немесе хазіреттік дәрежедегі сіздің соңғы еңбегіңізді сөрелерден көрдім, бірақ алып оқымадым, себебі алдыңғы кітаптарыңыздан көптеген жан ғылымына қайшы және бірде-бір Ясауи бабамыздың көрсеткен жан ғылымынан хабар бермепсіз, нақты дерек жоқ десе де болғандай. Соған қарап сіздің арнаулы кітап алып (40 күн аян), ол үшін Мұхаммед пайғамбарымызбен жүздесіп, батасын алғандығыңызға – ишандығыңызға күмәнім бар. Айтпақшы, ондай араларыңызда кісілікке жеткен кісілер, яғни жаратушымыз ескерткендей; «Ілімді іздегеннің үстінде білімді тұратын» аян ғылымын меңгерген ғұлама сопыларыңыз, хазіреттеріңіз бар ма? Мейлі, өздеріңіз танитын арап жағынан болсын. Пайғамбарымыздан қалған толық жорылмаған аян бар еді, соны 1431 жылдай өтті мүмкін толықтырып жорыған еңбегі бар шығар. Ясауи бабамыз шешкен екен, бірақ толық түсіне алмай жүрген жайымыз бар.
Діни сауаттылықтың дәлелі ретінде қазақта да ілімділер бар екеніне мақтанайық, аят-аяндарымыз бар, әлі құпиясы шешілмеген, елдің болашағынан хабар ортақ ісіміз болар еді. Сіздің пікіріңіз бойынша; «Олардың мазмұнынан Барболдың ешқандай діни білімі жоқ екені анық байқалады … қарапайым кітап оқығаннан да төмен екен» деп ескертіпсіз. Бірақ маған сол сіз сөккен Барболымыз, қарапайым ғана емес жаратушыдан оқылып тұратын күрделі кітапты (Түс көруді) білетін сияқты сөз саптауларынан. Жақын тартты деп сөксеңіз де мен үшін «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін діни сауаты жоқ ауылданмын. Бірақ жаратушы тарапынан түсетін күрделі кітапты оқуға алған ұлықсатым және нақты әлем әлі білмеген хабарларым бар. Біздер көбіміз сондай тіл ғылымынан бөлек тұратын діни кітаптарды оқымайтын сауатсыздар қатарынан боламыз. Оқығым келмейді емес, серік қосылған атаулар мен шала піспеген сөздерден, үндестігі бұзылған атаулардан басым ауырады. Әлде мүмкін мен ауру шығармын? Бімеймін… діни сауатсыздық па, әлде адамдық қасиет, тілге жанашырлықтың пайда болғаны ма? Мүмкін себебін білерсіз?.
Пайғамбарымызды еске алатын мәуліт туралы көп жаздыңыз. Бірақ сіздер оқитын дін ғылымы да әлем ғылымынан бөлек сияқты. Мәулітті өз орнына 32 жылда бір-ақ рет оралатын қылып неге «хижра» жасап жібердіңіздер? Уақыт үш өлшемнен пайда болып, хижраның есебі ай мен жұлдыздың (үркердің) тоғысуымен, өзіңіз жазған қазақтың дәстүрлік жыл санауы екенін білмейді екенсіз? Сондықтан хижра 11 санына тәуелді қарсылық қозғалысын, жыл ішіндегі, ғасырлардағы маусым белгілерін туындатады. 35-пен 36-ның арасындағы қозғалыс жүйесі емес пе? Әлде құранның реттік санын қойған сүйікті сахабамыз қателесті ме? Оған пайғамбарымыздың туылған күнінің қандай қатысы бар? Қырық жыл өмірін неге жоққа шығардыңыздар? Әлде «Мені бауырым Ғисадан бөлме» дегенін оқымадыңыздар ма? Жұманы қалыпты жыл санаумен, қалған құлшылықты хижрамен орындаңдар деген құранда үкім бар ма?
Сіздің «Дін мен діл» туралы кітабыңызбен танысуға уәде берейін! Егер де сіз баспасөз беттерінде және де мынандай сұрақтарыма жауап берсеңіз. Ділде ұлттық, үндік белгі бар ма? Болса Құран арқылы сандық мәнін берсеңіз? Тіл неше негізден пайда болып, дін қалай пайда болады? Өзіңіздің нағыз қазақ ретінде, қазаққа тән ерекшелік діндік, ділдік белгіңізді (кодыңызды) көрсетсеңіз? Жалпы дін мен ділдің қандай еркешелігі және байланысын, өлшемін түсіндіре кетсеңіз? Арап танушы ғалым ретінде ол туысқанымыздан да хабар берсеңіз? Құранда қалай белгіленген? Інжіл мен Тәуратты білмесеңдер, түк емессіңдер деп құранда ескерткендей, сол киелі кітаптармен түсірілген сауап амалдарды неге исламнан бөліп тастадыңыздар? «Хижраға» ұшыраған 72 сауап амалды жоғалтып, із кесіп таба алмай жүрсек, ақыл беріп жөн сілтеудің орнына үкіметке шағымданып, пайғамбарларлар нұсқауларын қудалап, сотқа беріп қазақтың «кісілігін» соттап, жамандықты елімізге неге шақырып жатырсыздар?
Әдет, ғұрып, салт, дәстүр амалдарына жеке-жеке тұжырыммен сандық белгісін кітапханаңызды ақтарып көріп, шек арасын белгілеп, Құранның асыл сөздерімен қауыштыра кетсеңіз. Мүмкін сонда төрт кітаптың белгісі мен амалдары екенін жаратушымыз төрт мықты сөзбен бекіткенінен хабардар болармыз. Бұл өтінішім әйтпесе елде ой шебері (шешендер, абыздар) философтарда жоғалды да, бәрін қысқартып дәстүрге айналдырып жібердік. Әдетің де - дәстүр, ғұрпың да - дәстүр, салтың да - дәстүр болып миымыз ашып, тіпті кей ақындарымызда үш негізден тұратын, орысыңа да аударылмайтын «махаббат» атты киені; ғашықтыққа, құмарлыққа, құштарлыққа, асықтыққа, ынтыққа айырбастап үріп кетті.
«Абайламаса ақындарға азғындар ереді» деп жаратушымыз бекер ескертпепті! Сөзі азған елге жұлдыздар жерге жақындап, қиямет сағаты «ойбайласу мезгілі» болады деуші еді, әлде жердегі өзін-өзі мақтап ат қойған қаптаған «жұлдыздар» Аллаға серік қосып көкке әсер етіп жатыр ма? «Жұлдыз – адамзаттың ақылының жарығы» деп айтып кетіпті әулие аталарымыз. Осы тіл мамандарының, мәдени майталмандардың осындай қылықтарын түсінуге діни сауатым жетпей жүр. Сондықтан да, Алла сізді мұсылманшылықтан айыратын, өзіне-өзі баға беріп, күпірлікпен күнә жасататын осындай «жұлдыз» ауруынан сақтап, бес күн «жалған!» -5000 жыл шежіреге жалғанып, шежіреден аян алуды нәсіп етсін! Әлемде тәртіп орнатқан Алаш Қаһан, жұбайы Ұлсай Емер (алтын адам) анамыздан тарап, бабамыздың анасы Ізбөрі анамыздың туын ұстаған Қазақ, Созақ бабаларымыздың ұрпағымыз ғой әйтеуір. Бүкіл дін ғұламалары болып басына барып зияраттаңыздар! Білмесеңіздер діни сауатсыз болсақ та, шежіреден хабарымыз бар, көрсетеміз. Текті бабаларымыз туралы Інжілде де хабар бар. Араптарды да шақырсаңыздар. Жамақұт аталары да осы жерде Қазақтың бір ұрпағы ғой әйтеуір. Сауап жинаңыздар!
Құрметті Қайрат Жолдыбай мырза, бұл біздердің діни сауатсыздар ішінде күнделікті талқыланып жүрген сауатсыз сұрақтарымызды қойғаныма ғапу өтіне отырып, алтын уақытыңызды бөліп, (нағыз мұсылман екеніңізге шүбәміз жоқ) тек сыздауықтай сыздатқан нәрселеріміздің жарылып, иісі шығып, зиянымыз сіздерге тиіп кетпесін деп еміне – шипа, дертімізге – дауа таппағандықтан ғана осындай әрекетке барып отырмыз. Кім біледі менен де өткен діни сауаты төмен «тазша бала» шығып; Құрандағы барды жоқ қылып, аяттарды ертегіге айналдырып, кітаптарды бөлшектеп, өзі аз қазақты біріне-бірін айдап салып, сыңар езу «Білдіман» жастарды дайындап, Құранды тек арапша жаттатып, көкейін толтырып білімге жолды жауып, санасын өзгертіп, тақ санды дұғаларды шұбыртып, жан ғылымына қарсылық білдіріп, тілдің үнділік санатын бұзып, ғасырлар бойы жиналған асыл қазынамыз ділді өзгертуге тырысып, елдің басына апаттарды, зұлымдықтарды шақыруда деп әлемге жар салмасына кім кепіл?
Сүйікті және әрбір намаз оқыған сайын, біріншіден сәлем беріп жүрген, оң жағымызда тұрған Ғиса пайғамбар аруағын «Рахмет» сипатын (Інжілді қара) мазақ қылып жүргенімізді білімді, төбесі тесік християн халқына жетізіп қойса не бетімізді айтамыз? Дінді біріктіреміз-деп ел басшымыз шырылдап жүрсе, қарны тоқ дінші қазақтың істеп жүргені қандай опасыздық демей ме? Құдай сақтасын әйтеуір! Сіздердің де халықтан жинаған садақаны, зекетті әр қазақтың қолының кірі, маңдайының ашы тері мен ата-бабасының төккен қанынан пайда болатынын ұмытпай, діннің негізі сипаты жер ана – «Отан» екенін ұмытпай, таулардың ар жағына мойынды соза бермей, үкіметтің сенімін ақтап жүрулеріңізге тілектеспіз әйтеуір.
«Ырылдасын қаппасын, өзіңнен (аруағыңнан, арың мен малың) жақсы таппассың» дегендей ағайынның аманы жақсы. Тек пайғамбарымыз ескерткендей, адамзатта болатын тозаққа түсіретін үш қателіктің бірі; өзін-өзі дәріптеп, өзгелерден жоғары санап «Білдіманға» айналып, шайтанға жәрдемшілікке тұрудан сізді әрдайым аман қылып, әйтеуір бір баспасөз бетін таңдап, бес-алты рет пікір алысуға, болмаса араларыңыздан ең ғұлама деген Құдайдың нағыз құлы бар болар деп, осы «үшбу» хатты діни сауатсыздар тарапынан «Датымды» жолдап отырмын.
Салтымызды (дәстүрді емес) құрметтейтін әрі жанашыры ретінде жауапсыз қалдырмассыз деп, келесі жолы сіздің дәрежеңізге сай, діни сауатты сұрақтарды қойып, еңбектеріңіздің ішіндегі көптеген мүмкін әдейі байқамай Аллаға ортақ қосқан жерлеріңізді (зұлымдықтарды) жазуға, халыққа білдіруге ұлықсат ете көріңіз! Сауатсыздығым «ныспымнан» (фамилия) білінер. Аталарымды жалғаусыз ататпаймын да, (әркімнің құрдасы емес) қабірінде тыныш жатсын деп, орыс болса да жиендер «Кер-гер» атаның ұрпағымыз ғой, Алланың болашаққа бірлеуіне берілген үкімі, білімі, ғылымы болар деп, сабырлықпен болашағымды (бала-шағамды) ойлап өзгермеуді ырым қылдым. Құдайға нағыз құл болуға үмітті, діни ағайындар арапқа тартып аталарынан артық болды деп айта ма дегеннен күдікті және елге берген түгім жоқ, өзім үшін оқыған намазым мен жасаған сауабым болса, сіздің ауылдың жасы, кәрісі «намазхан» деп хан сайлап, текті бабалардың аруағының назына қалудан қорқамын. Бір басыма жететін осындай түрлі қайғыларым жетерлік, хош көріп сәлемімді қабыл алсаңыз, сіздермен мұңымды шағып бөліспек ойым бар.
Сәлемнен екі «меннің» егесі! Байтасов Тоқберген Кескір ұлы.
Алғабас ауылы Бейбітшілік көшесі 6 үй. Маусым, 2010 жыл.
Бұл мақаланың жазылуына себепші болған «Қазақстан» атты апталық басылым бетінде қазаққа тән мақалалардың жарияланып, мешіт дін танытушылар арасындағы пікірталастар еді. Баспа бетіне ұсынылғанмен басыла қоймады, ол да мүмкін дұрыс болар. Осы мақалада көрсетілген Халифа Алтай атамыздың аудармасында баспадан кеткен Құранның кешірілмес қатесін мешіт ғұламалары неге көріп араптарға ескерту жасап түзетуге тырыспады? Әлде діни сауатты дегендеріміз араптардың ғана мүддесін жақтаушылар ма?
Енді қазақ дін танымындағы 7-8 жыл ішіндегі сыртқы бейнесінің сипатын, тарихын көрсету үшін осы уақытқа дейін баспасөз және жеке-жеке кейбір зиялы қауым мүшелеріне ұсынылған еңбектердің бөліктерін сіздерге танысуға ұсынамын. Осы мақалалар желісіне қарап діни сауаттылар мен зиялы қауымның көпшілігінің және қазақтың мәдени ақпараттық жүйесінің кімдер мүддесі мен ықпалында екендігіне қарапайым халыққа түсінікті болар демекпін.
Баспасөз беттерінде кезінде «Зікіршілер кім?» деп Ысматула бастаған топты «Зікір гипноз» деп қудалап, мешіт дін танытушылары үлкен белсенділік көрсеткен болатын. Сол кезде ара ағайындыққа түсіп, пікір таласқа шақырған мақалам мен Ақиқат бастауы атты кітабымның бірінші бөлімін Оңғар қажы мырзаға апарып, жалпы қазақ дін танымым туралы пікірлесіп, ақ жолдағы бата т.б. туралы танысып зерттемек болған уәдесін берген болатын. Керісінше, баспасөз беттерінде «Ақ жол» деген шерік қосушылар деген бүкіл қазақ тілшілері, діншілері ерінбей жазып, көгілдір терезеден түспейтін әдет пайда болғасын, «Арап емес, қазақ болайық ағайын» деген мақала жазып тағы ұсынып көрдім. Ол да алдыңғылар кебінін кигесін, мүмкін жанашыр бір қазақ табылар немесе әкім қаралар құлағына жетсін деген мақсатпен өзіндік құны да алуға қолайлы болсын деп 2007-ші жылы «Құлшылық құпиясы немесе Құраннан үзік бір сыр» деген кітапша шығарып, дін сауаттыларын ашық пікір таласқа шақырып және хазіреті мырзаларға да апарып бердім, мүмкіндігімше шығартып тараттым. Сол мылқау көрініс.
Оның алдында 2006-шы жылы жан ғылымынан хабар және жаратылыс және тозақ ғылымының құран сырларынан, пайғамбарымыздың өсиеттерінен, Ясауи бабамыздың меңгерген хикметтерінен, Ата жолында түсіріліп, көрсетіліп жатқан құпия ілім көріністерін баяндаған Ақиқат бастауының екінші бөлімін шамам келгенше шығарып, қазақтың көптеген ғалымдарына, зиялыларына ұсынып көрдім. Солардың бірі қазақ философиясының бас ғалымы Ғ. Есім мырзаға өз қолымнан ұсынып, ғылыми сараптама жасап, қателігін айтуын өтінгенмін. Советтік білім алып, бұндай күрделі еңбекті түсінбейтінін мойындап, арап танушы ғалымдарға ұсынып сараптама жасауға уәде берген, өкінішке қарай зиялылықтың зайырлығын өз басым көре алмадым. Тағы да сол үнсіз жауап. Осы басылым бетін пайдаланып, сол кездегі тура жолды түсіне алмайтын діни білімсіздігін мойындағанның өзі адамгершілік деп рахметімді айта отыра, еңбектерін қазбаламай, бірақ кейіннен дінді білмеймін деп, дін туралы жазғандарын ғана сынауды жөн көрдім.
Бұл кітаптарымды көптеген ғалымдар мен сол кездегі бас кітапхананың меңгерушісі болған тектінің ұрпағы ғой деп Мұрат Әуезов мырзаға да ұсынғанмын. Онан кейін жазылған, бірақ аруақтың жариялауға тиым салған «Құлшылық құпиясы – намаздар мен амалдар» атты шағын кітапшаны да осы басылым беттеріне сол қалпында бөлек орналастырмақпын. Бұл еңбектердің қалай жазылғандығы, қандай мәнісі болғанын алда «Ата жолы» даму тарихы, дін баспалдақтары сипаттарымен қоса таныстыра жатармын.
Былтырғы жылы Қарасай аудандық сотының шешімімен «Ата жолы» халықты зираттатып садақа жинап, ел қауіпсіздігіне зиянын тигізіп, халықты кедейшілікке ұшыратып, ауруынан, бәле-жаладан құтылуға берілуге бұйырылған садақадан мемлекетке салық төлемеді деген айып тағылып, басылымымен қоса жаратқанның заңына тиым салынған үкім шыққан болатын. Үкіметтің мұндай құран үкімі мен құдайдың түсірген пәрменіне қарсы шығуы әр түрлі апаттарды туындатып және сондай дінге қиянат жасаушы әкімдердің де болшағына, ұрпақтарына қасірет келетінін, елді қиямет оқиғаларына соқтыратынын ескертіп мақала жазып көп баспасөздерге таратылды.
Баспасөз қызметшілері мен европашыл мәдениет үлгісін ұстанған ақпарат құзырлы орындардың өзге жұрттан келген ақылшылар мүддесін қорғайтыны көпшілікке мәлім. Құдайдың аманатын орындаушы – мешіт дін танытушылары, бірақ бұл шешімді ауыр жүктен құтылғандай қуана қоштап жарыса жазғанымен қоймай, маусым айында «Рұхқа табыну – шайтани іс» деп қазақ дәстүрлі дінін тамырымен құртуға бағыт алған мақала жарық көруіне байланысты жаратқаннан солар үшін кешірім сұрап, хазіреті дін басшысына да датымды айтып мұңымды шақтым. Ол мақаларды да Мұхтар Шаханов, Есенбай Дүкенбай, Рысбек Сәрсенбай т.б. зиялы қауым өкілдеріне де ұсындым. Соңғы кісі қол беріп, өз меншігіндегі баспасөз бетінде жариялауға уәде берген. Мүмкін қанша дегенмен сөз саптауларына қарағанда қара халықтың жоғын іздеуші болып, әділ партия құрып «ақиқат» деп жар салушылар болғасын көпке дейін үміттенгенмен, бірақ ақталмады.
Халықтың рухани мүддесін түсінбеген қандай зиялылық, қандай «еркіндік», әділетті қоғамдық ұжым болмақ? Және де Алматыдағы «Нұр Отан» партиясының әділет бөліміне де табыс етілді. «Адам аласы ішінде» деген рас шығар, кім біліпті. Қазіргі таңда кейбір шариғатымызға, зайырлығымызға қарсы бір бетінде Абайшыл, Шәкәрімшіл, келесі бетте қазаққа жат немесе жалаңаш әйелдерің сандырағын, болмаса сананың бірлігіне қарсы, қазақ діни ұстанымына – ел бірлігіне, ұжымдық салтына қарсы мақала беретін пәтуасыз басылымдардың баспағанына құдайға мың да бір шүкір! Болашақта бет пердесін, нағыз бейнесін көрсетуге ұяла қоймайтын болдым.
Сондай әлқисса баспасөз, мәдени майталмандардан әбден түңілгенмен, бірақ желтоқсан айында елге келе жатқан суық хабарды астыртын түрде ескерту, тәубамызға келейік деген шақырумен мақалаларды жинастырып, қолдан келгенінше көптеген баспасөз, көгілдір терезе мамандарына ұсынып та, айтып жеткізіп те көрдім, сол баяғы үнсіз тас жартас. Қазағым қалай ел боласың?-деп Абай атамыз мұңданып, «етекбастыны көп көрдім»-деп бекер айтпапты. Бас қамын ғана ойлайтын етекбастылар елімізде, әсіресе билік бастарында көбеймесе, әзірше азаймапты. Арты не болғанын жаратушымыздың мемлекетке де, халыққа да садақаны қалай төлетіп жатқанын төбеңізде тесігіңіз бітеліп қалмаса көріп, естіп жатқан боларсыздар?
Ешкінің арандатуына ерген қой мінезден арылып, тылсымға құлақ түріп, европаның тірлігіне, арап елдерінің дініне еріп емес, нағыз діннің, мәдениеттің қандай екенін көрсетіп, өзге елді соңымызға ерте білетін бабалар ізін жалғастыратын уақыт келді. Ал егер бұдан бұлай да осы қалпымызбен, надандықпен бөліне берсек, үлкен шығындар мен садақаны, хайырды еріксіз түрде бір-бірімізге төлейтініміз айдай анық. Үкім түсіп қойған, шегінерге жер жоқ! Бұл бүгінгі дініміз бен ішкі зайырлығымыздың, сауаттылығымыздың, ел намысының, қоғам құрылысының, елдің сенімін арқалап тізгінді ұстаған әкім қаралардың кішкене ғана сырт бейнесі мен рухани көрінісі болсын, баспасөздерге қабылданбаған мақалалармен, жазбалармен танысып көріңіздер ағайындар «Ақиқат бастауы, Ақ бастау» атты басылымды өз тарапымнан ұсынуды жөн көрдім. Сабыр сақтасаңыздар айтылатын, жарияланатын құранның аталар салған ізі, тура жолдың қағидалары мен негізі деректер де, құпиялар да әлі алда. (Желтоқсан айы, 2010 жыл.)
Бұдан әрі қарай берген уәде бойынша елге келе жатқан сынақтардан сақтанайық дегенде ниетпен, желтоқсан айында «Ғалым болу мен ғылым келу» деген мақаламен бірге «Ел басшыларының назарына», «Ұлылардан ұлағат алайық» деген алдында жазылып таратылған мақалаларды қосып тағы да шамам жеткенше таратып, онан мамыр айынан бастап «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа!» деген мақаламен діндегі жалпы жағдайға халық арасынан пайда болған, айтылып жатқан пікірлерді тұжырымдап, шамам келгенше оқырманға таныстыруға тырысып бағудамын.
Бұндай әрекеттерге барудағы мақсатым мыңның ішінен біреудің түйсігіне кіріп, әйтеуір азғырудан аман қалып, ақылға келсе онда босқа еңбек етпегенім деп түсінемін. Енді осыған дейін жылдар бойы өтірік айтқандай болмайын, «Ақиқат анықталса, бүгінгі шынымыз қайда тығыларын білмес» деген ұстаныммен бабалардан тылсымнан оқытып жүктеліп жатқан ақиқаттың пердесін түріп, халыққа жүзден бір бөлігін ғана таныстырып көрейін деп шештім. Бұған себеп алдағы жалпы көпшілікке ұсынылып, басқа тілдерге де аударылуға тисті Кітаптың ішіне осы қазақ елінде болған, мақалаларда айтылған, көрсетілген жағдайларды болашақ ұрпақтарымыздың алдында өзімізді-өзіміз масқараламас үшін қайталап жазбауды жөн көрдім.